Ақтөбеге кіруге тыйым салынғандықтан ауыл тұрғындары шу шығарды — Қазақстан жаңалықтары
Ақтөбе облысындағы Ақшат ауылының тұрғындары карантин ережелеріне наразылықтарын білдіруде. Ережеге бағынбаймыз деген олар өздерін қалаға бұрынғыдай емін-еркін кіріп-шығуды талап етіп отыр екен. Сөздерінше, ауылдағы дүкендерде тауарлардың бағасы удай қымбат. Бұған қоса Ақшат ауылында банкомат жоқтың қасы көрінеді. Десек те облыс басшылығы алған беттірінен қайтар түрі жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп.
Карантин уақытында адамдардың жаппай жиналуына тыйым салынған, десек те наразы ауылдықтар бұл ережені ескермепті. Мұнымен қоймай, облыс орталығы карантинге жабылғанына қарамастан тұрғындар қалаға кіруге рұқсат беруді талап етіп отыр. Ақшаттағы дүкендер мен дәріханалардағы баға қымбат деген азаматтар керекті заттарды одан да тоғыз шақырым жерде орналасқан қалаға барып алғанымыз жақсы деп отыр.
«Қаланың сыртынан тоғыз шақырымдамыз. Бізді қалаға кіргізуге болады ғой! Дәрі алатын болсақ та, тамаққа баратын болсақ та. Бір-екі дүкенде өте қымбат. Ауылдан шыға алмай отырмыз. Кіре алмай, қалаға кіргізбейді ғой. Арнайы құжат керек дейді. Оны қай жақтан аламыз? Жұрттар зейнетақысына ала алмай отыр», — дейді Ақшат ауылының тұрғыны Шахмұрат Абдуллаев.
Негізінен аталған ауыл Ақтөбе қаласына қарайды. Алайда қаланы карантинге жабатын кезде ауылды сыртқа ысырып тастапты. Блок-бекет ауылға кіреберіс жерде орнатылыпты. Оның себебі — қалаға қатынайтын тас жолдың осы ауыл арқылы өтетіндігі. Блок-бекеттер жай көзбояушылық қана дейді тұрғындар. Өйткені ондағы қызметкерлерге ақша берсең, ары қарай өткізіп жібереді екен.
«Пропускі сұрайды. Ана жерде отырғандар, жаңағының өзінде айтып отыр үлкен адамдар бес мыңмен кіргізіп-шығарып жатыр дейді. Сонда не масқара? Олар отырып алып шабашкі істеп отыр. Ал біздер мына жақта қиналып отырмыз», — дейді Ақшат ауылының тұрғыны Күнсұлу Қорғантайқызы.
Халықты сабырға шақыру үшін жұрт жиналған жерге Ақтөбенің Алматы ауданының әкімінің орынбасары келіпті.
«Ал енді қазір бәріне жапа-тармағай береді, кім болса оңды-солды. Сонда ертең ауру таралып жатса қалай болады? Соны да аздап ойлау керек. Нәубеттен өтпесек қалай болғанымыз? Бәріміз қазақпыз. Жағдайды түсіну керек», — деді Алматы ауданы әкімінің орынбасары Бағұзақ Дарин.
Бұл ауылдан бөлек қалаға қарайтын тағы қос ауыл сыртта қалып қойыпты. Онда медициналық мекемеде жоқ көрінеді. Алайда бұл жағдайды әкімдік қызметкерлері кезінде азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді тасып апарып береміз деп түсіндіріпті.
stan.kz