Ақтөбедегі тұңғыш Check-up орталығының құрылысы 2019 жылы аяқталады
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің ресми сайты
Астана, BAQ.KZ. Ақтөбедегі тұңғыш Check-up орталығының құрылысын 2019 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Оңтүстік Кореяға барған жұмыс сапарын қорытындылай келе мәлімдеді.
«Біздің сапарымыз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дамыған елдермен екіжақты өзара қарым-қатынасты орнату туралы тапсырмасы аясында өтті. Сапардың негізгі мақсаты – Кореядағы алдыңғы қатарлы технологиялар мен инновацияларды алу және енгізу. Соның ішінде бізді энергияның баламалы көздерін пайдалану жобалары қызықтырады. Біз Қазақстанның Корея Республикасындағы елшілігімен бірге серіктестік және тәжірибе алмасу жұмысын жалғастырамыз»,- деді Бердібек Сапарбаев.
Ақтөбелік делегация денсаулық сақтау саласындағы жаңа технологияларға ерекше назар аударды.
«Соңғы үш жылда Оңтүстік Кореяның алдыңғы қатарлы медицина мекемлерінің бірі – Сеул ұлттық университетімен тығыз әріптестік қарым-қатынас жолға қойылды. Ақтөбеде бауыр мен бүйрек алмастыру, буын ауыстыру оталары бірге жасалды. Ақтөбелік балалар Оңтүстік Кореяда тегін емделді, оңтүстік кореялық жетекші дәрігерлер ақтөбелік әріптестерін оқытты. Біз осы жұмыстың жалғасуы жайлы келістік. Сондай-ақ, келесі жылы Ақтөбедегі Check-up орталық құрылысын аяқтауға келістік», — деді Ақтөбе облысының әкімі.
Ақтөбедегі құны 5 млрд теңге болатын Check-up кешенді диагностикалық орталығының құрылысы Сеул ұлттық университетімен бірге мемлекеттік-жеке серіктестік аясында жүзеге асырылуда. Орталықтың бірегейлігі – әрбір адам төрт сағаттың ішінде толық тексеруден өтіп, денсаулығы жайлы барлық ақпаратты біле алады.
Бұдан бұрын хабарлағандай, Бердібек Сапарбаев Кореяға сапары кезінде мұнай-газ, құрылыс инженериясы мен денсаулық сақтау салалары бойынша әлемдік деңгейдегі компаниялардың басшыларымен кездесті.
Атап айтқанда, K-Medical Lab корпорациясының бас директоры Ли Кын Енгпен келіссөздер жүргізілді. Кездесу барысында екіжақты серіктестік мәселелері талқыланды. K-Medical Lab басшысы түрлі бағыттағы алты жоғары технологиялық медицина мекемесінің құрылыс жобаларын таныстырды. Ақтөбелік делегацияны онкологиялық орталықтың, сонымен қатар, ана мен балаға босанғаннан кейінгі күтім орталығының жобалары ерекше қызықтырды.
Бердібек Сапарбаев аталмыш бастамалар бойынша шешімнің жете зерттеуден соң қабылданатынын атап өтті.K-Medical Lab корпорациясымен келіссөздер келер жылдың басында жалғаспақ.
Бұдан басқа, денсаулық сақтау саласындағы екіжақты қарым қатынасты дамыту мәселелері өңір басшысы мен Сеул ұлттық университетінің ректоры Ёонг Хак Киммен кездесу кезінде қаралды.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ