Ақтөбедегі төрт университетке бомба қойылғаны туралы ақпарат тарады
Ақтөбе полиция департаментінің электронды поштасына қаладағы төрт университетке жарылғыш зат қойылғаны туралы ақпарат келіп түскен, деп хабарлайды Kznews.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Бомба қойылған» университеттер қатарында М.Оспанов атындағы медцина университеті, Қ.Жұбанов атындағы университет, Алматы экономика және статистика академиясының Ақтөбе институты, М.Бөкенбаев атындағы заң институты бар.
Төрт жоғарғы оқу орнына жедел қызмет мен саперлер тобы жіберілген. Ғимаратта жарылғыш заттың бар-жоғын анықтау бойынша жұмыстар ұйымдастырылған.
Студенттер, оқытушылар мен қызметкерлер эвакуацияланған. Ғимараттардан жарылғыш зат табылған жоқ.
Қазір Қылмыстық кодекстің 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша тергеу басталды. Аталған бап бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.