Ақтөбеде жол апатында өртеніп кеткен үш баланың әкесі де қайтыс болды
Ақтөбеде көлік апаты кезінде тірідей өртеніп кеткен үш баланың әкесі де қайтыс болды, деп хабарлайды kznews.kz сайты «КТК» арнасына сілтеме жасап.
46 жастағы отағасының сүйегінің сау-тамтығы қалмаған. Басынан да ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оны аман алып қала алмады.
«Жедел медициналық жансақтау бөлімінде бүкіл емі жасалды. Соған қарамастан сегіз сағаттан соң науқас қайтыс болды», – дейді Ақтөбе облысы жедел жәрдем ауруханасының дәрігері Жандос Дербіс.
Марқұмды жақындары Алға ауданына алып кетіп, балаларымен бірге жерледі. Лада-Ларгус көлігін тізгіндеген ол алдындағы машинаны басып озамын деп, қарсы келе жатқан жүк көлігімен түйіскен. Жол жиегіне аударылғанда көлігі өртеніп, үш баласы тірідей жанып кетті. Кішкентайы бір жаста. Қалған екеуі 13, 15 жаста болған. Апат кезінде әкесі көліктің терезесінен сыртқа ұшып кеткен.