Қайыр сұрап күн көретін құжатсыз ананың баласын полицейлер сәбилер үйіне өткізіп жіберген

0

Күн көру үшін алақан жайып қайыр сұрауға мәжбүр болып жүргенінде 1 жасқа толмаған нәрестесін полиция қызметкерлері тартып алып, сәбилер үйіне өткізіп жіберген екен. Баласынан айырылған ана тезірек құжат жасатып, баламды құшағыма алсам деп безек қағып жүр. Көпбалалы ана өз оқиғасын Алматы арнасына баяндап берген, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

Елордалық Яна Кодрянның жасы 23-те, 4 баланың анасы. Елордада қайыр тілеп күн күреді. Балаларын асырау үшін көшеде алақан жайып, әркімнен ақша сұрауға мәжбүр. Көпбалалы ананың айтуынша, күйеуімен ажырасып кеткен. Ал осыдан 3 ай бұрын қаладағы мешіттердің бірінде қайыр тілеп отырғанында, полицейлер 3 айлық сәбиімен бірге ұстап алып кеткен.

«Полиция қызметкері мені және баламды өздерімен бірге полиция учаскесіне алып кетті. Содан кейін мені жіберіп, баламды алып қалды. Маған ешқандай себебін айтқан жоқ. Тек балаңызға дұрыс қарамай, көшеде жүрсіз деді. Ал мен балама өте жақсы қараймын. Ішпеймін, шекпеймін. Еш жерде есепте тұрған жоқпын. Балаларымды үнемі тамақтандырып, киіндіріп жүремін. Сәбилерімді ешқашан аш қалдырған емеспін», — дейді қала тұрғыны Яна Кодрян.

Ал полиция департаменті қызметкерлерінің сөзінше, Янаның өзінің де, баласының да құжаты болмаған соң, сәбилер үйіне өткізген. Көпбалалы ана енді әкімдіктен және құзырлы органдардан өзіне құжат жасатып беруді сұрап отыр. Себебі құжаттың жоқтығынан не оқи алмаған, не жұмыс істей алмаған. Янаны ата-анасы туған кезінде тастап кеткен екен. Сондықтан қарт әжесінің қолында тәрбиеленіпті. Ал әжесі 5 жыл бұрын қайтыс болған.

«Мен бұлай өмір сүруден шаршадым. Маған құжатсыз өмір сүру өте қиын. Жұмысқа тұра алмаймын. Тіпті балаларымды емханаға, балабақшаға апара алмаймын. Соның салдарынан балам ауырып қалса, үйде өзім емдеуге мәжбүрмін. Мен мемлекет тарапынан ешқандай көмек алмаймын. Бірақ көмек сұрамаймын да. Тек құжат жасауға көмектессе болды», — дейді қала тұрғыны Яна Кодрян.

Ал «Құқық» қоғамдық қорының директоры Ольга Рыль қазір Яна Кодрянның мәселесі бойынша сотқа арыз берілгенін айтты. Себебі кім екенін анықтайтын құжат дайындау үшін, азаматшаның туыстарымен бірге генетикалық сот сараптамасын тағайындау қажет. Ал оған біршама уақыт кетеді екен.

«Егер ол 3 айлық баласымен қайыр тілеп, полиция қызметкерлеріне ұсталып қалмағанда, ол бізге құжат жасауға келмейтін еді. Жалпы 5 жыл бұрын біз Янаға құжат жасау керек едік. Бірақ ол істі аяғына дейін жеткізбей, бізбен байланыспай Екібастұзға кетіп қалды. Қазір 1 жасқа толмаған баласы сәбилер үйінде. Ол жерде балаға құжат жасалды»,- деді «Құқық» қоғамдық қорының директоры Ольга Рыль.

Енді генетикалық сот сараптамасы 1 айдан 3 айға дейін уақыт алу мүмкін. Егер көпбалалы анаға құжат жасауға рұқсат беру туралы шешім шықса, балаларына да туу туралы куәлік берілетін болады. Сол құжат дайын болғанда ғана ана баласын сәбилер үйінен алып кете алады. Оған дейін тек кездесіп тұруға ғана келісім беріледі екен.