Ақтөбеде «Жас Ақтөбе-2018» қайырымдылық балы өтті
Ақтөбеде ҚР Тәуелсіздігі қарсаңында жастардың «Жас Ақтөбе-2018» қайырымдылық балы өтті. Шараға еріктілер, ауыл жастары, жас кәсіпкерлер, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері қатысты.
Бал өңірдегі мемлекеттік жастар саясатына сүбелі үлес қосқан өскелең ұрпақ өкілдерін анықтап, оларды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қазақстанда мемлекет басшысы қамқорлығының арқасында жастар саясаты мәселелеріне зор көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.
* Сіздер — біздің тәуелсіз еліміздің болашағысыздар және Қазақстанды жаңа белестер мен жетістіктерге жеткізетін де өздеріңіз. Президенттің бастамасымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды. Біздің облыста өскелең ұрпақ патриотизм рухында, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиеленуі үшін барлық жағдай жасалған. Біз сіздердің барлық бастамаларыңыз бен идеяларыңызды қолдауға әзірміз,-деді өңір басшысы.
Атап өтейік, 2016 жылы облыс әкімі шығармашыл және дарынды жастарды ынталандырып, айтулы еңбектерін елеу мақсатында «Жас-Ақтөбе» сыйлығын бекіткен болатын. Ол дәстүр бойынша жарқын өкілдерге түрлі аталымдарда беріледі. Осы жылы оған оқуда, жұмыста және шығармашылықта үздік нәтижеге жеткен он жас ие болды. 100 мың теңгенің сертификатын үздік жыл спортшысы атанған Мақсат Сәуірбаев, «Жыл дарыны» аталымының сыйлығы табыс етілген Қымбат Қуантаева, «Үздік ресурстық орталық» сыйлығын иеленген Байғанин ресурстық орталығы, «Үздік жастар ісі жөніндегі комитет» деп танылған Ақтөбе политехникалық колледжінің жастар ісі жөніндегі комитеті алды. Кештің басты оқиғасы – М.Мәметова атындағы жоғары медициналық колледж студенттерінің 32 жұбының ағылшын вальсін орындауы болды. Сондай-ақ, шара аясында қайырымдылық аукционы ұйымдастырылып, ақтөбелік суретшілердің картиналары мен қолөнер жұмыстарының бұйымдары сатылды. Аукционнан түскен 1 млн теңге көлеміндегі қаражат ерекше қажеттіліктері бар жастар мен медициналық колледжде оқитын жетім балаларға берілді.