ЖОШЫ ХАН ЖОРТҚАН ҰЛЫ ДАЛА

0

Түркі-мұғулдың ұлы көсемі Шыңғыс хан құрған алып империяның бөлінбес бір бөлшегі екенін бүкіл әлем жақсы біледі. Біле тұра іштей тынады. Бүгінде Алтын Орда Қағанатының төрттен үш бөлігіне ие болған Қазақстанның алып аймағына таңданып та, қызғанып та қарайды, іштей қимайтындар да бар.
Еліміздің тәуелсіздігі жарияланып, әлемдегі іргелі мемлекеттерге азаттығымызды тану туралы сүйінші хабар жеткен кезде Қазақстан жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды, халқының саны 15 млн адамды құрайтыны, ал мемлекет құрушы, ежелден бұл жердің бас иесі байырғы ұлт қазақтар небәрі жеті миллионға жетер-жетпес халық екенін білгенде «Осыншама территорияны мына аз ғана ұлт қалай сақтап келген?!» – деп қатты таңғалған екен.

Таңғалатын несі бар? Өйткені Қазақ елін сегіз ғасыр бойы Шың­­ғыс ханнан тараған беренді оғландар өз заманының білігіне сай биледі. Саяси ұстанымды және ел басқаруды шебер меңгерді, хан билігін қаққан қазықтай нық ұстай білді. Оның үстіне алпауыт мемлекеттер қаншалықты билеп-төстеймін десе де, Шыңғыстай қаһарлы хан тұқымдарының рухы­нан, батыр-билеріміздің аруа­ғы­нан сескенді. Ішімізге айла­лы әдіспен ақырын басып, ұрты­мыз­ға «балды май жағып» еппен кірді.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Даңқты батыр­­ларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақ­стан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар» деген сөзінде осындай өзекті ой жатыр.
Хандық билігіміз, мемлекеттік ұстанымымыз Жошы хан мен оның ұлы Бату хан құрған Алтын Орда қағанатына жалғасып жатқа­нын әлемдегі барлық елдің білге­ні бүгінгі өсер ұрпағымызға ерек­ше мақтаныш сыйлайтынын Елба­сы­мыз тереңнен түсініп отыр.
Жошы ханның жатқан жері – қасиетті Ұлытау. Басына қойылған мавзол­ейі асқақтап тұр. Оны бас­тан-аяқ зерттеген академик Әлкей Марғұлан бастаған ғалымдар кесе­не ішіндегі мәйітті ашып, онда жер­лен­ген адамның бір қолының жоқ екенін анықтаған. Жошы хан­ның бір қолын құлан шайнап тастағаны тарихтан белгілі.
Өткен жылы «abai.kz» сайтын­да Сұлтан Аман Шота мен Әскен Алтайдың «Жошы ханға ие бо­лайық» деген мақаласы жария­лан­ды. Онда Жошы ұлысы­ның құрылуы жөнінде:
«Басқалар Қарақорымға қайт­қан­да, Жошы хан Дешті Қыпшаққа қарасты түркі тілдес тайпалар құр­ған, өз ұлысында қалған. Міне, қазақ­­тың алғашқы мемлекеті осы­дан бастау алады» деген сөзі өте орынды.
Шыңғыс хан Сарыарқаның сайын даласын тұңғыш ұлы Жошы­ға берген соң, ол өз алдына үлкен қағанатқа айналды. Алдымен Ақ Орда, кейін Алтын Орда деп тарих­қа енгені баршаға мәлім. Осы тари­хи кезең туралы жазушы ғалым Тұр­сынхан Зәкенұлының мына бір құнды дерегін келтірейік.
« …Жошыны хандыққа сайлау рәсіміне қазақ ру-тайпалары түгел қатысады. Қаракеңгір өзенінің бойын­дағы көкорай шалғын далада иісі монғолдардың игі жақсылар мен қазақ ру-тайпаларының көсем­дері, көмекей жыраулары мен билері түгел қатысқан сол жиын­да Жошыны ақ киізге салып, хан көтеріп тұрып үйсін Майқы би, қоңырат Сенгеле би мен Мәуке би, барлас Қарашар би, монғол Тазша бала, атақты Көкеші шешен ағынан жарылып ағыл-тегіл сөйлейді. Күйші Кетбұға, Домбаул, Арғұсын қобызшы дала желінің сарынына салып күңірентіп күй тартты. Сол жиында Майқы би:
– Көргені көп көркеюге жол та­бар, жасағы мол үлкеюге жол та­бар деген. Ұлы мәртебелі ием ту алыстан алдыңызға әдейі келгендегі мақсатым – енді мәңгі-бақи ұлы қағанатыңыздың қол астында бо­лып, етек жию. Жау-жаламсыз, үр­­кін-қорқынсыз күн өткізу. Сол үшін біздей пендеге өзіңізден айтар ақыл, көрсетер көмек бар ма деп келдік, – деді.
Сонда Жошы хан:
– Сөзіңіздің төркініне қара­ған­да едәуір молайып, бір хандық ел болуға жеткен екенсіңдер. Хан­дық құраңдар, ел басқаратын ережелерің бар ма? – деді.
Оған жауап ретінде Майқы би:
Күллі еліміз үш жүзден құра­ла­ды, бір-біріне құда болып қыз алады. Ру іші ет жақын туысқан деп, құда болып қыз алудан тыйы­ла­ды. Ту тіксе, кісі өлтірсе ел ке­ле­ді, адамды өлтіргенді тек­се­ре­ді. Кірісіп арасына ел ағасы, тоқтатып жеті белгі әпереді. Кебін-кетпен, ұстайтын жабдығымен, кескен құйрық, кертөбел ат бар еді. Тоқтатып осыменен ашу басып, арты­нан екі жүз жылқы құн береді. Мал ұрласа, үш тоғыз айы­бы­мен, толықтап малдың басын көте­реді. Тентекке мұндай тыйым салын­ған соң, тып-тыныш басқа халық күн көреді. Ер құны екі жүз жылқы болса дағы, әйелге жүз жылқыдан құн төлейді. Төрт бөлік­тің үш бөлігін үш жүзге арнап, алу-алмауын еркіне салады. Бір бөлігін қаралы үйге «құн» деп беріп, жосынға қол қояды. Көз шығарса, ер құнының төрттен бірін төлейді. Мүше сынса, оған да төлем беріп сүйейді. Қысас алуға жол жоқ. Қысас­пен адам өлтірсе, қанға қан алы­нады. Қалай өлтірген болса, дәл солай өлтіріліп, көріне салынады. Жер дауы мен жесір дауы ел ішінде қаралады. Билер шығып болған істі саралайды. Көз жеткенде билік кесіп, ел алдында жазалайды, – деді.
Мұны естіген Жошы аң-таң қалды:
– Ел басқаруларың ғажап, жақ­­сы екен. Осындай ауыз бірлігі бар ел қалайша басқаларға бодан бола­ды?
– Тақсыр, біз тек бұл дүниедегі теңдессіз Шыңғыс ханның алдында ғана бас иіп, оның және оның ержүрек ұлы сіздің құзырыңызға кіруге ниет қылдық. Басқа еш­қан­­­дай күш бізді бағындыра алмай­ды! Сіз біздің ұрпақтан ұр­пақ­қа дейін төрімізден орын, төбемізден жайлау беретін төреміз болыңыз…», – деген нақты дерек келтіреді. (Тұрсынхан Зәкенұлы, «Көк бөрілердің көз жасы» Астана, «Елорда» баспасы. 2002 жыл). Майқы бидің осы айтқан заң жарғы­сын абыз заңгеріміз Салық Зиманов құрастырған «Қазақтың ата заңдары» деген академиялық он томдыққа «Майқы биден калған Жеті жарғы» деп кіргізгенбіз.
Алла қаласа, 2023 жылы Жошы хан қағандығының құрыл­ға­нына 800 жыл толады екен. Шарта­рапта жатқан бүкіл түркі-мұғул жұртшылығы, оның ішінде Қазақстан мен Моңғолия бас болып дүбірлі үлкен мереке өткізсек, ата-баба және әруақтар алдындағы қары­з­ымыз өтелер еді. Елбасы айтқандай «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығаруды осы Жошы ханнан бастасақ, нұр үстіне нұр болады. Қытай елінің киногерлерімен бір­лесіп, көркемфильм түсіруге қазірден бастап бел буған жөн. Олар шындықтан ауытқымайды, бұра тарт­пайды, накты деректі жасырып қалмайды. Бұған дейін олар түсір­ген «Шыңғыс хан», «Құбылай хан» көркем фильмдерінен бұны анық байқадық.
Алтын Орда мемлекетінің қазір­гі бірден бір мұрагері Қазақстан еке­нін Елбасы өзінің Ұлытаудағы Әулиебастаудың басында берген сұхбатында нық сеніммен айтқан болатын. Бұл – көптеген тарихи еңбектерде дәлелденіп жазылған, ғылыми негізі, бұлтартпас дерегі анық тұжырым. Шыңғысхан мен Бөрте ханымның тұла бойы тұңғыш ұлдары Жошы (Жолшы) екені жалпы жұрт жатқа біледі. Тарихы сегіз жүз жылға созылып жатқан қазақ хандарының түп атасы осы Жошы хан екенін әлем тарихына қосылған көптеген көне жазбаларда айдан анық көрсетілген.
Шыңғыс хан өзі құрған алып империясын төрт ұлына бөлген­де қазіргі Қазақстан аумағы тұта­сы­­мен, оны мекендеген ру-тай­­палардың бәрі Жошы хан ұлысы­ның қарамағына өткені аса құнды тарихи жазба Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-Тауарихында» нақты баян­далған. Кітаптың үшінші томын­дағы «Жошы хан туралы дас­тан» екінші бөлімде:
«Шыңғыз хан Ертіс өзені мен Алтай тауларының айналасындағы барша уәлаяттар мен ұлысты, ол аймақтардағы жайлаулар мен қыстауларды Жошы ханның билі­гіне берді. Және (Жошы хан) Дешті Қыпшақ пен сол жақтағы өңір­дегі мемлекеттерді азат етіп, өзінің иелігіне қосып алуы тура­лы бұлтартпас бұйрық берді. Оның (негізгі) жұрты Ертістің айна­ласында болды және оның мемлекетінің астанасы да сол жерде еді», – деп анық жазылған.
Бұл тарихи еңбек қазақ ғалым­­дарына ертеден белгілі. Алайда, тарихты бұрмалауға әуес, шын­дыққа үрке қарайтын еуро­цен­трис­тік пиғылдағы көптеген ғалымдар бұл жәдігерді өз тіліне аударғанда шынайы тарихымызға қатысты осындай маңызды тұсын көрсетпеген, яғни аудармасын жасамаған. Өзіміздегі Халықаралық түркі академиясы бұл кемшілікті жойып, Рашид ад-Диннің «Жамиғ-ат-Тауарихын» ана тілімізде басып шығарды. Көптеген нақты дерек­тер­ге көзімізді жеткізді.
Рашид ад-дин өзінің осы ең­бе­гінде біз атап, жазып жүрген «мон­ғол» сөзін еш жерде қолдан­ба­ған. Жамиғ-ат-Тауарих» Шыңғыс хан дүние салған соң, арада жетпіс үш жыл өткен уақыттан бастап жазыл­ған, он алты жыл ішінде біт­кен. Бұл әлемнің төрт торабына билік жүргізген ұлы империяда Шың­ғыс ханнан тараған өз ұрпақ­та­ры әр мемлекеттің тағында мығым отырған кез. Жиналған дерек­көз­дер­дің тек шынайы әрі өте сенімдісі ғана іріктеп алынғанын автор өзі атап көрсеткен.
Осы кітаптың бірінші томының төртінші бөлімінде (147 бет) «Көне замандардан атауы мұғул болған түркі тайпалары жайлы деректер» деген тақырыпта Шыңғыс ханның тоғызыншы атасы Дубун Баян мен түп анасы Алан Қуаға дейінгі «…Түркі-мұғулдың мұғул-дүрліккен ата­ларының шығу тегі ертеде Ерге­не қонға кетіп, сонда көбейген мұғул рулары нүкіз бен қиянның қалдықтарынан алатын тармақтар мен тайпалардан» дейді. Одан әрі Дубун Баян дүниеден өткен соң өмірге келген ұрпақтарын «… Бұлар муғул-нируун деп аталады. Олар – Ала Қуаның күйеуі Дубу Баян дүние салған соң (Алан Қуа) әулетінен шыққан рулар. Алан Қуа мұғул-дүрліккендердің бір тармағы болған қоралас руынан шыққан еді» дейді (147-бет). Оған қоса «Нируун» деген сөздің мағынасы – құрсақ», яғни «Алан Қуа күйеуі дүние сал­ған­нан соң жарық нұрдан жүкті болып дүниеге үш ұл келеді. Осы ұлдардың әулетіне жататындарды нируун деп атайды» делінген (148-бет). Нұрдан жаралды деген сөз. Сол нұрдан жаралып, Алан Қуа анадан туған үш ұлдың есімі Бұқұн Қатақи, Бұқату Салжи, Боданжар.
Кітапта «Бұл ұш ұлдың ұрпақ­та­рын Алан Қуаның таза құрсағын меңзеп, түбегейлі нируун деп атай­ды. Мұғулдар арасында бұл руларға толық құрмет көрсетіледі» дейді. «…Олардың үлкені Бұқұн Қатақи­ден қатаған руы, Бұқату Салжиден салжуыт руы тарайды, ал кіші ұлы Боданжар қаған асыл текті Шыңғыз ханның тоғызыншы атасы» деп көрсетілген (220-бет). Таратып айтқанда Шыңғыс ханның өз әкесі Жесукей (Есукей), Бартан баһадүр екінші, Қабыл хан үшінші, Түмбине хан төртінші, Байсынқұр (кейбір тарихи жазбаларда Байсұң­қар деп жазылған) бесінші, Қайду алтыншы, Дутум Манин жетінші, Бұқа сегінші, Боданжар тоғызыншы атасы делінген.
Мына бір деректің де маңызы зор. «…Сол уақытта Бартан баһадүр­дің Мунгаду Қйиан (Меңгіду қиян) атты үлкен ұлы бар еді. «Мунгаду (Меңгіду)» деген «қалдары көп адам» дегенді білдіреді. (Өйткені) оның мойнында (туғаннан) үлкен қалы бар еді және ол ұлы баһадүр болатын. Ендеше қазіргі уақытта Дешті Қыпшақ өңіріндегі көптеген қияттар оның әрі оның ағайындары мен туыстарының әулеті.
Рашид ад-Дин «Жамиғ ат-Тауарихында» бүгінгі Қазақстанның барлық аумағын «Мауараннаһр, Түркістан, Дешті Қыпшақ» деп жалпылама атап көрсеткен. Бұл Жошы хан ие болған үлкен ұлыстық аймақ. Алтайдан Еділге дейінгі алты айшылық жерді алып жатқан ұлан-ғайыр бұл өлке бертін келе Түркі-мұғул жұртының ту тіккен ордалы өңіріне айналды. Бүгінде өз алдына жеке мемлекет болып отырған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей құрамындағы Татарстан, Башқұртстан, ертедегі Хажы-Тархан, Ноғай, Қазан, Сібір хандықтары бәрі де Жошы мен Бату хандар құрған Алтын Орда қағанаты құрамынан шыққан үлкен елдер екеніне тарихтың өзі куә.


Ерекше ескеретін тағы бір маңыз­ды нәрсе – жоғарыдағы Жошы хан қағанатынан тараған хандықтар уақыт теперішіне төтеп бере алмады. Ал Қазақ хандығы өзінің мемлекеттік билігін 1824 жыл­ға дейін сақтады. Ресей Бөкей Орда­сының хандық билігін Әбіл­қайыр ханның ұрпағы Жәңгір хан дүние салған 1845 жылға дейін ресми түрде мойындап келді.
Дешті Қыпшаққа – Қазақ еліне келіп сіңген түркі-мұғул ру-тайпа­ла­ры бүгінде бір ұлт, бір халық болып Қазақстан аумағында өмір сүріп отыр. Оның көш басында Шың­­ғыс ханның өзі, Алтын Орда­­дай айбарлы мемлекеттің құры­луы­на ұйытқы болған Жошы хан, Бату хандар тұр. Сол Жошы ханның тікелей ұрпақтары – Керей мен Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім, Салқам Жәңгір, әз Тәуке хандар. Көрші алып импе­рия­ларға жұтылып кетпес үшін жанын қылыштың жүзіне салып күрескен кешегі Әбілқайыр, Абы­лай, Кенесары хандарымызды бүгін­гі және болашақ ұрпақ мәңгі-бақи ардақтап өтетін ірі тұлғалар.
Ендеше біз бүкіл Қазақ хан­да­ры­­ның түп атасы Жошы хан­ды Шыңғыс хан имериясы құрылған кездегі ел-жұртымызға ие болған, мемлекетімізге тірек бол­ған хандық билігіміздің «алтын қа­зығы» деп танитын уақыт келді. Енді халық­аралық дәрежеде ғылыми-теориялық конференциялар өткі­зіп, заманауи ғылым тұрғысы­нан әлем жұртшылығына мойын­датуы­­мыз керек.

Қанапия ОМАРХАНҰЛЫ

Дереккөз: Айқын

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз