Ақтөбеде сотталған лифтер бостандыққа шықты
Ақтөбеде көпқабатты үйдегі лифтіде жергілікті тұрғын Айзат Әбдісамат мерт болған соң 4 жылға сотталған лифтер-механик Жарылқасын Ақжановқа шыққан үкім өзгерді.
— Апелляциялық шағымнан соң механик Жарылқасын Ақжановтың жазасы бас бостандығын шектеумен алмастырылған. Апелляциялық алқа қаулысы 27 желтоқсан күні күшіне енді, – деп хабарлады облыстық сот.
Биыл 19 қазан күнгі қалалық сот үкіміне сай кісі өлімі болған көпқабатты үйге жауапты «Жаңабек -Сервис» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Кенен Жаңабеков 4 жылға шартты түрде сотталған.
Оқи отырыңыз: Бақылаудан кеткен лифттерде оқыс оқиғалар көбейді
Судья үкім шығарарда «Жаңабеков кінәсін мойындап, жәбірленуші тараптан кешірім сұрағанын, моральдық шығындарын өтегені ескерілгенін» айтқан.
Ал жалдамалы меxаник Жарылқасын Ақжанов 4 жылға сотталып, сот залынан қамауға алынған еді. Бірақ Ақжанов жарыссөзде өзін кінәсіз санайтынын мәлімдеген және сот үкімімен келіспеген. Кейін апелляциялық шағым түсірген.
Қайғылы оқиға Ақтөбе қаласындағы 12-ықшамауданындағы он қабатты №19 үйдің 2-подъезінде биыл 4 сәуір кешкі сағат тоғыздар шамасында болған. Үйдің алтыншы қабатында тұратын жергілікті телеарна журналисі Айзат Әбдісамат лифтіде қысылып қалып, қаза тапқан еді.
Дереккөз: Азаттық