Ақтөбеде қатарластарын құтқарып қалған сарбаз мүгедек болып қалған

0
37

Ақтөбе облысында әскерге барған сарбаздың ата-анасы әскери бөлімнің басшылығын жауапқа тартқысы келеді. Себебі олардың ұлы әскерден мүгедек болып оралған. Амандық Қалиев аяғынан оқ жарақатын алыпты. Оның отбасы басшылықтың бұл жайтты жылы жауып қойғанына, тіпті жасыруға тырысқанына наразы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Амандық Қалиев әскери борышын өтеп жүріп мүгедек болып қалған. Ол сол күнгі кезекшілігін еске алғысы келмейді. Айтуынша, сол кеште оларға сарбаздардың бірі оқ жаудырған. Ол офицерлерді қуалап жүріп өлтіруді көздеген. Сол кезде Амандық оның қолынан  қаруды тартып алмақ болыпты. Алайда аяғына оқ атылып, қолы күйіп қалған. Осыдан кейін әскери бөлім басшылары Амандықтың абайсызда аяғына оқ атып алғанын айтып, оқиғаны жасырып қалмақ болыпты.

Мұнан кейін Амандық 8 ай ауруханада жатып, 13 күрделі ота жасалған. Алайда одан жағдайы жақсармапты. Аяғының көп жері сынғандықтан, оны мүгедектікке дайындап жатыр. Ендігі оның ата-анасы толық тергеу жүргізілгенін талап етіп отыр.

«Бір жылға жібергенімде міне, баламды мүгедек қылып алып келді. Енді қайда жұмыс істейді? Бүкіл өмірі ойран болды.Талабым баламның шындығын елге айтсын, қалай болғанын. Офицерлерінің, бүкіл взводтың жанын қорғап қалғанын айтсын. Иә, рақметін де айтқан жоқ. Иә, кешірім де сұраған жоқ», – дейді Амандықтың анасы Күлән Қалиева.

Өткен жылы қатарластарына қару алып жүгірген сарбаз сотталып, 8 жылға бас бостандығынан айырылыпты. Алайда аппеляциялық шағым түсірген. Ал офицерлер тергеуге алынбаған. Қалиевтердің сөзінше, олар әу-бастан оқиғаны жасыруға тырысқан. Бөлімдегілер әліге дейін бұл жайт туралы тіс жарғысы келмейді.

«Қалиев біздің әскери бөлімде борышын өтеді. Былтырғы оқиғаға қатысты соттың үкімі шыққанымен, ол күшіне енген жоқ. Одан бөлек екінші сатыда іс қаралатын болады. Сондықтан біз ештеңе айта алмаймыз», – дейді №52859 әскери бөлім командирі Талғат Әбдіров.

Әзірге Амандыққа нешінші топтағы мүгедектік берілетіні белгісіз. Оны арнайы комиссия шешді. Ал туыстары қажетті қағаздарды жинап жүр. Олар мұнан кейін әскерилерді сотқа бермек ниетте.

stan.kz