Ақтөбеде «қаржы пирамидасын құрған» Ресейдің екі азаматы қамалды
Ақтөбеде «қаржы пирамидасын құрды және оған басшылық етті» деген айыппен Ресейдің екі азаматы қамалды. Күдіктілерді екі айға қамау туралы сот қаулысы 8 қаңтар күні шыққан. Бұл туралы Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақтөбедегі Gold компаниясының кеңсесінде 7 ақпан күні полиция тінту жүргізіп, құжаттар мен компьютерлерді тәркілеген. Полиция сотқа дейінгі тергеу амалдарының басталғанын, компания салымшыларының хабарласуын сұрайды.
Өзін «Gold компаниясының салымшысымын» деп таныстырған Жанар Ақтөбе облысындағы Қандыағаш қаласында тұрады. Жанардың сөзінше, ол келісім-шарт негізінде 27 қаңтар күні компанияның есепшотына 300 мың теңге салған. Үш айдан соң 600 мың теңге алуы тиіс болған.
— Gold компаниясының Ақтөбенің 12 ықшамауданындағы офисінде әр барған сайын жүздеген адамды көретінмін. Оның үстіне компания қызметкерлері құжаттарын көрсетіп, бәрі заң аясында екенін айтты, — дейді Жанар.
Жанар әзірге полицияға шағым жазбаған. 10 ақпан, дүйсенбі күні қолындағы келісім-шартымен Ақтөбеге барып көрмек. Қаржы пирамидасынан зардап шеккен азаматтардың нақты саны туралы Азаттық тілшісінің сауалына полиция «тергеудің мүддесіне қайшы» деп жауап бермеді.
Ақтөбеде бұған дейін де осыған ұқсас оқиғалар болған.