Ақтөбеде «қарақшылық жасады» деп айыпталған екі адам аштық жариялады

0

Ақтөбеде «қарақшылық» бабы бойынша істі болған Ерген Айталиев пен Эльдар Боранқұлов тергеу изоляторында 15 күннен бері аштық жариялап жатыр. Бұл туралы 25 шілдеде Азаттыққа сотталушылардың адвокаты Бауыржан Ерманов хабарлады.

— Ерген Айталиев пен Эльдар Боранқұлов 20 маусым күні шыққан сот үкімін әділетсіз деп санайды. Өйткені тергеу айыпталушылардың іс-әрекетін дұрыс бағаламаған. Айталиев пен Боранқұловқа «қарақшылық жасады» деген айып тағылды. Шын мәнінде бұл «қарақшылық» емес, «кісі тонау» болатын. Біз үкімге апелляциялық шағым түсірдік, — деді Бауыржан Ерманов.

Сотталушылардың Ақтөбедегі КА-168/1 мекемесінде аштық жариялап жатқанын қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі де растады.

«Сотталушылардың ас ішуден бас тартқаны рас. Алайда судан бас тартқан жоқ. Қазір екеуінің де денсаулығы бір қалыпты, өмірлеріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл азаматтардың денсаулығын қылмыстық атқару комитеті, мекеме әкімшілігі және медицина қызметкерлері бақылап отыр» деп хабарлады қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі.

20 маусымда Ақтөбе қаласының № 2 соты «Қылмысқа дайындалу және қылмыс жасауға оқталу», «ұрлық жасауға оқталу» және «қарақшылық» баптары бойынша айыпталған Эльдар Боранқұловты — жеті жылға, Ерген Айталиевті алты жылға соттаған. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Тергеу материалдарына сәйкес, Эльдар Боранқұлов биыл қаңтарда жабық дүкеннің терезесінен кіріп, 50 келі ет ұрламақ болған. Алайда дабыл сигналы ойнап, күзет қызметкерлері оны ұстап алған. Кейін ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған. Тергеу материалдарында Боранқұлов пен Айталиевтің шаруа қожалығына қарақшылық шабуыл жасалғаны айтылады.

Адвокат Ермановтың сөзінше, Айталиев пен Боранқұлов айыптарын жартылай мойындаған. Ал облыстық сот Эльдар Боранқұлов өзіне тағылған айыпты мойындады деп хабарлады.

Azattyq