Ақтөбеде мемқызметкерді ұрған басшы жұмыстан қуылды

0

Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақтөбе аумақтық инспекциясының орынбасары Ерлан Орынбаевтың әрекеті Әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Жиын барысында мемлекеттік қызметкерді ұрды деп айыпталған Орынбаевқа мемлекеттік қызметте орын жоқ деп шешті. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Фото: Видеодан кадр/ КТК

Фото: Видеодан кадр/ КТК

Аймақтық инспекция бөлімінің басшысы Гүлмира Жидебаева басшысы өзіне тікелей жұмыс орнында қол жұмсағанын айтып, шағымданды. Оқиға болған соң әйел тіпті есінен айырылып, әлі күнге дейін өзін нашар сезінеді екен.

13 желтоқсанда мекеменің орынбасары Ерлан Орынбаев Әдеп жөніндегі кеңеске шақырылды. Отырысқа қатысушылардың жұмыста қазір жағдай қалай екені туралы сұрақтарына ол «жақсы емес» деп жауап берді.

«Сіз орынбасарсыз ғой. Сіз дұрыс іскерлік психологиялық климат қалыптастыра алуыңыз керек қой», — деді жиналыстағылар.

Нәтижесінде, төраға Расул Медетов басы дауға қалған шенеунікті жұмыстан босату қажеттілігін айтып, комиссия мүшелерінен дауыс беруді сұрады. Оның ұсынысын барлығы бірауыздан қолдады.

Айта кетейік, осыдан бірнеше уақыт бұрын Гүлмира Жидебаева өз басшысының ұрғанын айтқан еді. Бұл оқиғаға қатысты полицейлер іс те ашқан болатын.

Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Одан бөлек, жергілікті телеарнаның хабарлауынша, Орынбаев жергілікті базар саудагерлерінен пара алды деп күдіктелуде.