Ақтөбеде із-түзсіз жоғалған оқушының денесі табылды
Ақтөбе облысында із-түзсіз жоғалған мектеп оқушысының денесі ауылдан төрт шақырым жерден табылды. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полицияның мәліметінше, кәмелет жасқа толмаған Анатолий Лебедевті іздеушілер оның денесін 3 қаңтар күні тапқан.
«Мәйітте зорлық-зомбылық белгілері жоқ. Алдын-ала сараптама қортындысына қарағанда, оқушы үсіп өлген» деп хабарлайды полицияның баспасөз қызметі.
2020 жылғы 1 қаңтар күні таңғы 4:30 шамасында танысының үйінен шығып кеткен оқушы сол күйі үйіне оралмаған.
— Сол күні ауылда бет қаратпас боран болды. Үйден шыға алмай отырдық. Анатолий боранмен бірге ығып кетсе керек. Қарапайым отбасынан шыққан, тәртіпті бала еді. Сүйегін әлі сараптамадан әкелген жоқ, — дейді Қарақұдық мектебінің мұғалімі Ботагөз Сармурзина.
Алға ауданы Қарақұдық ауылындағы мектептің 11 сынып оқушысы Анатолий Лебедевті жақындары, ауылдастары, полиция мен еріктілер – жалпы саны 50-ден астам адам екі тәулік бойы іздеген. Полицияның баспасөз қызметі бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тағы бірнеше сараптама тағайындалғанын айтады.