Ақтөбеде 1,5 млн теңге пара алған мемлекеттік қызметкер 4 жылға сотталды
Ол Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігерінен ақша сұраған.
Ақтөбеде облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті бастығының орынбасары Қалмағамбет Рахметов пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қалалық сотында мемлекеттік қызметкер Қалмағамбет Рахметовке қатысты Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабымен үкім шықты. Судья Е.Әбдіхалықов сотталушы Қ.Рахметовті 1,5 миллион теңге пара алғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Іс материалына сүйенсек, сотталушы Қалмағамбет Рахметов 2018 жылдың 4 қазан күні өз кабинетінде ұсталды. Ол Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Асхат Балықовтан ақша сұраған. Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті дәл сол кезде аталған орталықты тексеріп, қорытынды шығарған болатын.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/