Махаббат туралы өлеңдер

0
526

Махаббат пен құмарлық

Ашылған көз тұра ма бiр зат көрмей,
Миға хабар бермей ме түсi өзгермей.
Әдейiлеп көрейiн демесең де,
Қарсы алдыңа қоя ма түк кез келмей?
Сол сықылды көңiлдiң көзi ашылса,
Көп ойланып, қиынға сермей-сермей.
Бiлер, айтар, оятар, жыбыршытар,
Еркiңдi алар, сөйлетер тыным бермей.
Ойдан маржан, меруерт төгiлгенде,
Отыра алар кiм шыдап оны термей.
Дағды қылсаң, дап-дайын iстiң бәрi,
Адамзат тұра алмайды әдетке ермей.
Бал ашқан соң оп-оңай бақсы болмақ,
Ол қоя ма ғайыптан хабар бермей.
Тоқты сойып дәндеген тоқтай алмас,
Жылқы ұрлағыш батыр боп о да елермей.
Бiр рюмкадан басталар маскүнемдiк,
Наша үстiнен нашаға өрлей-өрлей.
Ойласаң, соның бәрi – бiр құмарлық
Қуа бермей қайтедi тепши-терлей.
Аздан кейiн араны ашылады,
Қаза берсе, таусылмас шыққан кендей.
Жердiң жүзiн қыларсың бiр-ақ уыс,
Бәрiнен де өзiңнiң кеудең кеңдей.
Жын да – жын, құмар да – жын, мастық та – жын,
Өлең де – жын, қоя ма бойды жеңбей?
Шын құмар шымырлатпай қоймас, сiрә,
Әр жерге соқтықтырар аққан сеңдей.
Әрине, бiр құмарcыз өмiр қараң,
Ондай жанның тұра алмас оты сөнбей.
Сүйтсе де ифрат бар, тафрит бар1,
Жарай ма соны айырып реттемей.
Не қылсаң, қыл адамға махаббат деп,
Мейлiң сөк, мейлiң үйрет, айла iзденбей.
Ол сүюiң шын болсын, жалған емес,
Бұлдыр болма өзiңе-өзiң сенбей.
Дүниеқұмар, залалкес бола қалсаң,
Өлiмдi ойла келерлiк күнi ертеңдей.
«Маған сүйтсе, қайтер ем?» деп ойлашы,
Адамның баласы ғой о да сендей.
Шырақтар, ең құмарың осы болсын
«Алла сүйсең, адамды сүй» дегендей.
Құмарың бiр, iсiң көп болсын, жаным,
Көпке құмар, ерiншек болма мендей.
«Молданың iсiн қылма, айтқанын қыл»,
Ерте сақтан әр iске әдеттенбей.
Қапы қалсаң, қайта оқып, тағы да ойла,
Деп жүрме: «Сөзiң қалды iшiме енбей».
Ой құмар, өлең құмар, малға құмар –
Бұл үш құмар қоя ма менi көмбей.
Қайрат қайтса, амалсыз бәрi қайтар,
Қайран ой қартаяды-ау өзiм өлмей.
Ермегiм жоқ, өлiмнен үмiтiм жоқ,
Қайтейiн осындаймен көңiл бөлмей.

(Шәкәрім Құдайбердіұлы)

 

О, махаббат
О, махаббат! О, махаббат, сен әлі тірі ме едің?
Көзімнен ғайып болған күнім едің!
Гүлім едің, Елтіген түнім едің.
О, махаббат сен әлі тірі ме едің?!
Мен сені ұмытқанмын Жылытқаның есте жоқ, суытқаның,
Суып қаным, Жинағам құрып хәлім.
Құлаған отауымның уықтарын,
Содан бері мен сені ұмытқанмын.
О, махаббат, сен әлі тірі ме едің?
Тірі болсаң, мен де енді тірілемін Ақ періште алдына жүгінемін,
Қолдай гөр, ғашықтардың пірі мені!

Махаббат бейуақытта табыспайды

Жай ғана көңілде жоқ қалағаным,
Кешкілік бақты ұзақ араладым.
Өбісіп те өлісіп екеу отыр,
Өтіп кеттім, бұрылып қарамадым.
…Есімде жоқ, жаз ба еді, күзде ме еді,
Көп жыл өтті бұл баққа біз келгелі.
Әйтеуір, дәл осылай бейуақта
Құмар көңіл әлдене іздегі еді.
Күзгі түннің салқынын елең етпей,
Отырушы ек ерітіп мұз денені.
Бұл жастық қой білемін, таныс жайды
Махаббат бейуақытта табыспайды.
Махаббатты үлкендер үлесіп ап,
Жастықты інілерге табыстайды.

Махаббатым өзімде

Жүргенде қатал тұрмыс илеуінде,
Білмеймін, сүйдім бе мен, сүймедім бе…
Жастықта жалын атып сүйсем егер,
Түспес ем дел мынадай күйге мүлде.
Мен нағыз махаббатты армандаймын,
(Оны мен жоғалтып та алғандаймын…)
Ақ қаздар арасынан аққуымды
Ажырата білмеген сормаңдаймын.
Өтінем сенен ғафу, асыл жарым,
Көрсетпе тарпаң мінез, тасынбағын.
Сен менен от іздеме, құрмет ізде,
Өртеніп жана-жана басылғамын.

(Мұқағали Мақатаев)

Мың жұлдызы бар болса да…

Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бір жұлдыздан тұрады, махаббаттың аспаны.
Сол бір жұлдыз жанады, сол аспанды жарық қып,
Жарықта да түк көрмес ғашық болған жарықтық!
Сол жұлдызсыз белгілі, оның естен танары,
Маңдайда емес, жүректе –
Ғашықтардың жанары.
Сол жүрекпен қараймын, сол жұлдызға сүзіліп,
Шаңыраққа ілінді ол, көк аспаннан үзіліп.
Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бір жұлдыздан тұрады шаңырақтың аспаны!

(Қадыр Мырза Әли)

Махаббатсыз, сезімсіз көңіл жетім

Махаббатсыз, сезімсіз көңіл жетім,
мұндай күйде түсің де, өңің де – түн.
Жомарт жастық жылыстап, жас ұлғайса,
жалғыздығың сезілер со күнде тым.
Бала өсірдің – тірлікке ектің егін,
жұттың талай өмірдің дертті демін.
Сен көрмеген мейірім, жақсылықты
балам бойға сіңірсе деп тіледің.
Қорғаладың шырылдап құм-дауылдан,
(сол бір сезім сені де нұрға жуған!),
Қалдырды аман сәбиге махаббатың
өзіңді азу, тұралау, жынданудан.
Сол балғының жаныңа қорек дер ем,
өз алдына ел болды, бөгет те кем;
өз өкімет, өз соты бүгіндері
мәселелер шешеді бөлек сенен.
Көз қуантып табады жас та теңін,
енді сенде бар достар, ақша, сенім.
Бірақ өзің жыл сайын ұғынасың.
серіктестің орыны басқа екенін.
Жас шағында адамның сенері көп,
талай жарға соқтырар кеме-жүрек.
Арман ұзап, асылы, қартайғанда
ұғысар жан жаныңа керегірек.

(Фариза Оңғарсынова)

Достық пен махаббат

Өзендер мен көлдердің,
Көлден шалғай шөлдердің,
Биіктер мен алыптардың,
Жылулар мен жарықтардың арасын
Жалғап келген бір ән бар.
Парасатты мұңданудан
Жерді қирап күл болудан,
Таңды қарадүрсіндіктен,
Адамдарды күншілдіктен
Қорғап келген бір ән бар:
Ол ән – ұлы достық әні, негізгі әні ғаламның,
Ол ән – ұлы махаббаты менің сайын даламның,
Дала көңіл бабамның.
Сол екі ән гүлденер жер
Салмақ тауып саналы.
Сол екі әнді білмегендер
Өмір сүрдім демесе де болады.

Махаббаттың жазылмаған заңы

Жол бұралаң, сезім тура, oй тура,
Жол түскен соң болмас кейін қайтуға.
Сүйген адам сезімі үшін бақытты,
Болмайды оны бақытсыз деп айтуға.
Бұл жайлы көп мұңдаудың не орны бар,
Жандар да бар пәк сезімді қор қылар.
Махаббатты үйлену деп ойлайды
Құдіреттің құнын білмес сорлылар.
Аз ба өмірде жылап жүріп күлгендер,
Құр күлкінің қасіретін білгендер.
Ойлашы өзің, аз ба мынау әлемде
Сүймей, сенбей тағдыр қосып жүргендер.
Өмір солай, күйзеліс көп, жұлқыс көп,
Болсын, мейлі, дінің түзу, тұрмыс тоқ,
Сүймей, сенбей тағдыр қоссаң біреумен,
Махаббатта бұдан асқан қылмыс жоқ.

(Мұхтар Шаханов)

Аяймын махаббатты жетім қалған

Өкінбеймін біреуді өпсең де өліп,
Өкінбеймін біреуге кетсең де еріп.
Жазмыштың маған жазған пендесіне
Мен-дағы кезігермін көп сенделіп.

Мұң ба екен,
Мұның бәрі уайым ба екен?!
Бүгінде ойым бөтен, жайым бөтен.
Қойнына қона алмаған қос аққуға
Қол бұлғап қала берер – қайың мекен…

Жабықпа,
жарылқасын бетіңді алдан.
Өткен күн өшкен, көшкен секілді арман…
Болар-ау бәрі де ұмыт,
Амалым не,
Аяймын махаббатты жетім қалған.

(Исраил Сапарбай)

 

Бәлкім кейін түсінерсің

Түсін мені, түсінбе де сен мейлі,
Ауыр ойлар жүрегімді меңдейді .
Оңашада жалғыз қалып жылаймын,
Жылау деген жан жарасын емдейді.

Талай көргем жалған сөзін сендейдің ,
Дерсің, бәлкім, сені өртеген нендей мұң?
Тілсіз, мұңсыз жақсы көрген жандардың ,
Менше сүйе аларына сенбеймін.

Болса дағы сенсіз айлар, жыл өткен,
Таппасам да жанға шипа, жүрекке ем.
Баянсызын махаббаттың қайтем мен,
Сүйсем сүйем, тек қана адал жүрекпен.

Мейлі бірге термейін мен қырда гүл,
Жүрегімде саған деген жыр –жалын.
Сен не десең, о де, қалқам, мен бірақ,
Сүйгендігім үшін сені ырзамын.
Сүйеді жүрек тек сені

Сен мені түсінбедің,
Қазандай бір қайнайды ішімде мұң.
Бірақ, мені ұмыта алмайсың сен,
Біткенше күшің-демің.

Сен мені ұқпадың да,
Өзге жанның кеткен соң ықпалында.
Білесің бе, жаным-ау, сүю атты,
Қарсы жүзе алмадың мықты ағынға.

Сен мені қорсынасың,
Десем-дағы өзіңді «жансың асыл».
Күні ертең-ақ келесің маған қайтып,
Тастап кетсе бір күні «қарсыласым».

Сен мені елемейсің,
Азап шегіп мен үшін көрсін дейсің.
Өзгелермен сүйісіп таң атқанша,
Жеңер болса жырымен жеңсін дейсің.

Дәл мендей өзге сүйе алмас

Сөзіме, гүлім, таңданба, бүгін таңданба,
Махаббат сыр ма, бақыт па біткен маңдайға.
Ғашық боп біздер таныстық дейміз көпіріп,
Сол күннің дәмі қалмапты-ау бүгін таңдайда.

Айтылды сөздер қайталап жүрек жазбайды,
Махаббат білсең әкелмес жанға аз қайғы.
Есейген сайын есіңе түсіп жастығың,
Жүрегің тулап, кеудеңді бұза жаздайды.

Жан бар ма, айтшы, есігін бақыт қақпаған,
Аша алмай көбі жүректің кілтін таппаған.
Күнәңді кешкен сезбейсің топтың ішінде,
Түсінер бәрін жалғыз боп қалған шақта адам.

Кешігіп бәрін, бағалап жүрміз кешігіп,
Үміттің жібі ұзармай жолда кесіліп.
Дәл мендей өзге түсіне білсе жаныңды,
Түсіне алмаса ол жанның саған несі ұлық.

Күні ертең, жаным, алысқа мен де жол жүрем,
Қимаймын, қайтем, бәріне соның көндігем.
Самал боп желпіп өтейін,қалқам,келші бір,
Мен үшін мәңгі жауқазын сынды сен гүл ең.

(Медеу Демеу)