Ақтөбеда көлік жөндеп, ақша тауып жүрген 14 жастағы жеткіншекке ел сүйсінуде (фото) — новости Казахстана

0

Ақтөбе облысы Темір ауданында 9 сынып оқушысы көлік жөндеп, қаражат тауып жүр. Шұбарқұдық мектеп-гимназиясында оқитын Серік Жолаев жеңіл көліктердің ақауын компьютерлік диагностика арқылы тексереді деп хабарлайды kerek-info.kz.

Серік Жолаев. Фото:kerek-info.kz

Серік Жолаев. Фото:kerek-info.kz

«Кішкентайымнан көліктерге қатты қызығамын.Үйдегі бұзылып қалған тоңазытқыштарды, электрлік пештерді шашып, қайтадан жөндеп жүрдім. Кейін əкемнен көлік жөндеуді үйрендім. Интернеттен, youtube желісінен көлікті диагностикалауға қатысты мəліметтерді оқып, білімімді жетілдірдім», — дейді Серік Жолаев.

Өзіне қажетті ақпаратты интернеттен оқыған жасөспірім көлікті диагностикадан өткізіп, ақауын анықтайтын арнайы бағдарламасы бар құрылғы мен компьютер сатып алған.

Қазір көліктері бұзылған Темір ауданының тұрғындары жас көлік жөндеушінің атын алыстан естіп, іздеп келетін көрінеді.

«Ең бірінші ағамның көлігін жөндедім. Əкемнің «Газель» көлігінің моторын жинап бердім. Қазір жанар — жағармайы мен суын ғана ауыстырады. Басқа жөндеу қажет емес. Бұл құрылғымен 1992 жылдан бері қарай шығарылған «Volkswagen», «Škoda», «Lamborghini» секілді санаулы маркадағы көліктерді тексеріп, ақауын табуға болады. Болашақта барлық көлікті тексеретін құрылғы алғым келеді. Бірақ оның құны өте қымбат, шамамен 1,5 млн теңге тұрады.

Жазда көліктерді өз үйімнің ауласында жөндеймін. Ал қыста шеберханаларды жалға алып, жұмыс істеймін. Темір ауданының тұрғындары көлік жөндейтінімді бір-бірінен естіп, іздеп келеді. Қазір көліктің барлық сымдарын алып тастап, жаңасына ауыстырып жүрмін.

Қызметіме риза болған көлік иелері еңбегімнің ақысын да береді. Қазірдің өзінде мені ауылдағы көлік жөндеу шеберханасының иесі жұмысыма қызығып, өзіне шақырып отыр», — дейді ағынан жарылған жеткіншек.

Сондай-ақ жасөспірім болашақта ЖОО түсіп, инженер немесе автомеханик мамандығын алғысы келетінін жасырмай айтып берді. Мектеп оқушысының болашақта жүк көлігін жасайтын завод ашқысы келетін арманы да бар.

Дереккөз: kaz.nur.kz