Ақтөбе облысының шаруалары мал ұрлығының көбейгенін айтып шағымданды

0

Ақтөбе облысының фермерлері мал ұрлығы азаймай тұрғанын айтып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына шағынды. Палатадағы кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңес жиынына Әйтеке би ауданынан келген Қуанбек Әсімбетовтің айтуынша, 2018 жылғы сәуір айында оған тиесілі «Әсем-Наз» өндірістік кооперативінің 206 бас жылқысы жоғалған. Мал иесі бұдан кооперативке 68 млн теңгеден астам шығын келгенін айтады.

— Қыркүйек айында іс сотқа жетті. Бірақ тергеу 206 емес, 9 бас жылқы жоғалған деп тапты. Мен істің қайта тергелуін талап еттім. Содан кейін іс созыла бастады. Күдіктілер бар. Бірақ осы кезге дейін оларға бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ. Мен Қазақстанның бас прокуроратурасына дейін шағымдандым. Арызым айналып-айналып Әйтеке би ауданына қайтып келеді, — дейді «Әсем-Наз» өндірістік кооперативінің төрағасы Қуанбек Әсімбетов.

2015 жылы «Әсем-Наз» өндірістік кооперативінен 500 бас жылқы ұрланған. «Соңғы төрт жылда жалпы саны 700-ден астам малы ұрланған» Қуанбек Әсімбетов ол кезде де қылмыстық істің жабылып қалғанын айтады.

Жиынға Алға ауданынан келген тағы бір фермер Самат Қалдығұловтың сөзіне қарағанда, 2018 жылғы желтоқсан айында оның 43 жылқысы ұрланған. «Осыдан екі жыл бұрын асылтұқымды 5 жылқым ұрланып, іс ашылмай қалған болатын. Полицияның жұмыс істей алмайтынын көрген ұрылар одан әрі кетіп, биыл 43 бас қолды болып отыр» деді Самат Қалдығұлов.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Рахат Тәжібаевтың айтуынша, облыстың шаруа қожалықтарынан мал ғана емес, ауыл шаруашылығы техникалары да жиі ұрланады. Сондықтан палата кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңес жиынына проуратура мен полицияның да өкілдерін шақырған.

Ақтөбе облыстық ІІД тергеу басқармасы басшысының орынбасары Евгений Годлевский «Әсем-Наз» кооперативіне қатысты Әйтеке би ауданында 5 адам тергеліп жатқанын айтты. Алға ауданында да 5 күдікті анықталған. «Қылмыстық іс жуырда прокуратураға жолдануы тиіс» деді ол.

Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Азамат Дүйсембеков мал ұрлығына қатысты істерді тергеу барысында полицияның олқылық жібергенін растап, ұрлық деректерінің бақылауға алынғанын айтты.

2019 жылғы қаңтар айында облыста мал ұрлығына қатысты 16 дерек тіркелген. Оның бесеуі ғана ашылған. Жалпы саны 64 бас ұрланыпған. Оның 20-сы — сиыр, 42 — жылқы, 1 түйе мен 1 қой.

Азаттық