Ақтөбе облысындағы су қоймасында балықтар жаппай қырылды — Қазақстан жаңалықтары

0

ҚР экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігіАқтөбе облысындағы Жекесай өзеніндегі балықтардың қырылу фактісі бойынша ақпарат жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

балық

2020 жылғы 19 сəуірде министрліктің орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі комитеті инспекциясы жұмыскерлері Жекесай су қоймасын тексеру үшін Темір ауданына барды. Тексеру барысында су қоймасының Темір ауданындағы Темір қаласынан 12 шақырым, облыс орталығынан 160 шақырымда орналасқаны анықталды. Балық шаруашылығы су қоймаларының тізіміне кірмейді. Жекесай су қоймасы тоғандық жылғаға жатады. Үйілген топырақ түріндегі бөгеті бар. Қазіргі уақытта судың ұзындығы 120 метр, ені 30 метр, орташа тереңдігі 1 метр, жылға түрінде көрініс тапқан.

Судың түсі жасыл, бөгде иіс білінбейді. Жағалау бойынан бірнеше жерде салмағы 20 гр. 300 дана өлі мөңке балық табылды. Балықтар иістеніп, кеуіп кеткен.

Жергілікті тұрғындардан сұрастырған кезде, өлі балықтардың шамамен а.ж. 28-29 наурызда мұз еріген уақытта табылғаны белгілі болды. Су қоймасының ластануына жол бермеу үшін 400 келі өлі балық жергілікті тұрғындардың күшімен жинастырылып, мал қорымында жойылды.

Судың жəне өлі балықтардың сынамасы зерттеу үшін алынды.

5 шақырымдық айналада өндірістік жəне ауыл шаруашылығы нысандары жоқ.
Болжам бойынша, балықтардың қырылуына ауаның жетіспеуі себеп болуы мүмкін.

 

stan.kz