Ақтөбе облысында әуеден құлаған «беймәлім темір бөлшектің» не екені әлі анықталмады

0

9 қаңтарда түскі сағат 14:30 шамасында Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Ноғайты мен Ебейті ауылы маңына әуеден белгісіз темір бөлшегі құлаған. Куәгерлердің айтуынша, сопақша келген металл «зымыран бөлшегіне» ұқсайды. Ноғайты ауылының тұрғыны, зейнеткер Залжан Сүйеуов беймәлім металдың тұрғын үйлерге құламағанына шүкірлік етіп отыр. Тұрғындардың айтуынша, ауданнан келген комиссия ол маңды қоршап, ешкімді жолатпай қойған.

Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров та, облыс әкімдігі де, облыстық төтенше жағдай департаменті де Ноғайтыға беймәлім металдың құлағанын растады. Бірақ ешқайсысы да оның не екенін айта алмай отыр.

Қайрат Отаров «ауылдық округ әкімінен хабар түскеннен кейін Ноғайтыға комиссия жіберілді» дейді.

— Ақпаратты Нұр-Сұлтаннан күтіп отырмыз, — деді 10 қаңтар күні облыс әкімінің баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне.

Төтенше жағдай комитетінің баспасөз қызметінің аты-жөнін айтпаған өкілі «ондай ақпарат түскен жоқ, білмейміз» деп жауап берді.

Azattyq