Ақтаулық жас сазгер тегін вокал үйірмесін ашты
Дарынды қыз қалалық мәдениет үйінде вокал үйірмесін ашты. Қазір мұнда жиырмаға жуық оқушы қатысады. Олар аймақтық байқауларға қатысып, топ жарып үлгерді. «Кәусар» кинофильмінде басты рөлді сомдаған Гүлжанар актерлік шеберлік сабағын да өткізеді. Ендігі мақсаты – талантты жастарға ән жазып, олардың есімін қазақ еліне таныту.
Гүлжанар үйірмеге алғаш жазылған оқушыларды іріктеп «Кәусар» қыздар тобын құрған. Олар вокал сабағына жеке немесе топ болып қатысады. Айжан Шүкербаеваның ән салу өнерін үйреніп жүргеніне биыл үшінші жыл. Мектеп оқушысы бірнеше рет қалалық байқаулардың жеңімпазы атанған.
Айжан Шүкербаева, оқушы:
— Екі жылдың ішінде көптеген дәрежеге жеттім. Біздің тобымызда 5-6 қыз бар. Көптеген концерттерге шықтық. Гүлжанар апай адамды түсіне біледі. Және де ешнәрсе жасырмайды. Өзі жеткен жетістіктерін бізге айта біледі.
Жас сазгердің өнер жолындағы алғашқы қадамы «Радуга» балалар шығармашылығы студиясынан басталды. Дарынды қыз алдымен «Жұлдыздар» кейін «Әуен» вокалды топ құрамына алынады. Әлемді шарлаған бұл топ сан мәрте Гран-рри жүлдесімен елге оралды. Гүлжанар Қызылтөбе ауылдық мәдениет үйіне барғалы бері ән жазып жүр. Осы жерде ұстаздық қызметті де атқарды.
Гүлжанар Рафхатқызы, жас сазгер:
— Содан кейін Абай атындағы мәдениет сарайына жұмысқа келдім. «Үркер» арт-вокалды студиясын аштық. Оның ішінде екі вокалист және хореограф бар. Аптасына үш рет, екі күн вокал және де бір хореография. Мұнымен қоса балаларға сахна шеберлігін үйретемін.
Гүлжанар жазған әндерін өзі орындайды. Жуырда тырнақалды туындысына түсірілген бейнебаян көпшілікке таныстырылды. Өнер кешінен түскен қаржыны сазгер қыз вокал кабинетін әрлеп, музыкалық аспаптарды сатып алуға жұмсамақ. Бірнеше маманды қызметке алып, оқушылар санын көбейтуді де жоспарлап қойған.
Дереккөз: http://egemen.kz/