Ақтаудың атауын «Шевченко» деп өзгерту туралы петиция жарияланды

0

Дәл қазір петицияны 205 адам қолдап, 526 адам қарсы пікір білдірген.

Желіде Айгүл Қырықбаева есімді азаматша Ақтау қаласының атауын «Шевченко» деп өзгерту туралы петиция жариялады. Ол осылайша украин халқына қолдауға білдірмекші.

«Каспий теңізінің жағасында орналасқан Ақтау қаласы 30 жылға жуық уақыт ішінде бір кездері Қазақстанға жер аударылған ұлы украин ақыны, жазушы, этнограф және суретші Тарас Шевченконың есімімен аталды. Соңғы жаһандық саяси өзгерістерге байланысты қазақ жеріндегі украиндық мұраны қолдап, Ақтау қаласына тарихи «Шевченко» атауын қайтарғымыз келеді.

Өйткені Тарас Григорьевич өз Отанының нағыз патриоты болды. Оның дамуы мен гүлденуіне алаңдап, қарапайым украин халқының қайғы-қасіретіне шын көңілмен қарады. Сол сияқты Украина топырағына келген қазіргі қайғы қазақстандықтарды да бей-жай қалдырмайды. Жүз мыңнан астам адам қаза тапты. Инфрақұрылымдар қирады. Жүздеген отбасы көшіп кетті.

Бауырлас украин халқына немқұрайлы қарамау және ерекше ынтымақтың белгісі ретінде қаламызға «Шевченко» атауын қайтаруыңызды сұраймыз»,—деді белсенді.