Ақтаудағы көктайғақ: Тұрғындар үйдің алдында конькимен сырғанауда (фото, видео)
Ақтаудағы көктайғақ қала тұрғындарын әбігерге салуда. Ауа райының қолайсыздығына қарсы шаралар сағат 07:00-де басталды. Жолдарға құм мен тұз себу үшін бес техника шығарылды деп хабарлайды NUR.KZ.
Қалалықтар тарапынан техникаға байланысты шағым түскен жоқ.
Тұрғындар көктайғақтың салдарынан балаларын балабақша мен мектепке апара алмай қиналуда. Кейбір жасы үлкендердің өзі жұмысқа жете алмай қалған.
Қалалық әкімшіліктің хабарлауынша, ауа райының қолайсыздығынан қоғамдық көлік қозғалысы белігілі бір уақытқа тоқтатылыпты.
Қауіпті бұрылыстар мен жаяу жүргіншілер жолына бірінші кезекте құм мен тұз себілген. Барлығы 20 тонна құм мен 30 тонна құм аралас тұз қолданылды.
Қалада такси қызметінің бағасы аспандап кеткен. Ақтау тұрғындарының хабарлауынша, ауа райы қолайсыздығынан такси бағасы 1000 теңгеден жоғары болып тұр.
«Қалада такси қызметінің орташа бағасы 300 теңгені құрайды. Бүгін ауа райының қолайсыздығына қарамай жұмыс істеудеміз. Бірақ баға анау айтарлықтай көтерілген жоқ. Тапсырыс беру басқа күндермен салыстырғанда өте көп. Жүргізушілердің жетіспеуінен бағдарлама бағаны автоматты түрде көтеруде. Қазір жол жүру ақысы 500 теңгеден басталып жатыр», — деп хабарлады қаладағы такси қызметі.
Көктайғақтың кесірінен қалада жол апатының саны артқан.
Тумба.kz хабарлауынша, қаладағы көшелердің бірінде жол талғамайтын көлік көктайғақтың салдарынан сырғанап, қарсы бетке шығып кеткен. Тізгінге ие бола алмаған жүргізуші жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан адамдарды қағуға сәл қалған.