Ақтауда 560 адамға тегін құқықтық көмек көрсетілді

0

Шараны ұйымдастырған — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті.

Акцияның мақсаты кез-келген құқықтық мәселе бойынша халыққа білікті тегін заң көмегін көрсету. Кез-келген құқықтық мәселе жөнінде тұрғындарға тегін әрі білікті заңнамалық көмек көрсетілді. Кеңес алуға келгендердің басым бөлігін жер учаскелерін алу, баспаналы болу, сапалы білім, әлеуметтік көмек, бизнесті қолдау және медицина саласына қатысты сауалдар толғандырған.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Нариман Айтжанов, маңғыстаулықтар бұл шараға аса қызығушылық танытқанын айтады. Тұрғындар білікті заңгерлер мен құзырлы мекеме өкілдерімен тікелей тілдесіп, өздерін толғандырған сұрақтарға тұшымды жауаптарын алды.

-Құқықтық мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері де белсенді екендігін айта кету керек. Бұл жердегі басты мақсат — тегін құқықтық қызмет көрсету. Оның өзі үлкен мәселе болып табылады. Себебі көпшілікке мәлім кейбір ақылы түрдегі заңды қызмет ала алмайтын азаматтарымыз бар. Және де тиісінше осы құқықтық көмек көрсетіп отырған мемлекеттік органдардың өкілдері әрі қарай осы азаматтардың мәселелерін түпкілікті, заң жүзінде шешуге талаптанатын болады,  дейді Н. Айтжанов.

Аталмыш жалпыреспубликалық шара «Халыққа бір мезгілде тегін құқықтық кеңес көрсету» аталымы бойынша Гиннестің рекордтар кітабына өтінім берген. Қазіргі таңда арнайы комиссия барлығының да ережеге сәйкес өткенін тексеруде.  

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы