«Ақшаға сатып алды» Көрермендер Ержан Максимге әділетсіздік жасалғанын айтып шулап жатыр

0

Қазақстандық 11 жастағы әнші Ержан Максим ресейлік байқаудың финалында Димаштың екі әнін орындады

НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Қазақстандық Ержан Максим ресейлік «Голос. Дети» тележобасында екінші орын алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

«Голос. Дети» музыкалық байқауының финалында Ержан Максим Димаш Құдайберген айтып жүрген керемет ән – «All by Myself-ті» орындап, көрермендерді тәнті етті.

Меладзенің командасындағы үш баланың ішінде суырылып алға шығып, финалдың екінші кезеңіне өткен Ержан Димаштың репертуарындағы тағы бір өте күрделі әні — «Adagio-ны» орындады.

«Бірінші арнаның» тікелей эфирінде өткен байқаудың жеңімпазы көрермендердің дауыс беруінің қорытындысы бойынша анықталды. Айта кету керек, жобаның ережесі бойынша тек Ресей тұрғындары ғана дауыс бере алды. Сөйтіп, «Голос. Дети» жобасында 10 жастағы Микелла Абрамова жеңіске жетті. Микелла — белгілі ресейлік әнші Алсу мен бизнесмен Ян Абрамовтың қызы.

Бірақ көрермендер байқауда әділетсіздік болғанын жарыса жазып жатыр. Олар нағыз жеңімпаз Ержан екенін айтып, оған қолдау білдіруде. «Ақшаға сатып алды», «Ержан, сен жеңдің, көрермендердің сүйіспеншілігін ешқандай ақшаға сатып ала алмайсың», «Керемет өнер көрсеттің, мен жыладым», «Алсу, ұят жасадың», «Бірінші арнада әділдік жоқ», «Қамықпа, Ержан, сенің болашағың зор» деп ресейліктер де, қазақстандықтар да Ержанның видеоларының астына пікір қалдырып жатыр.

Тіпті, танымал ресейлік шоумен, актер, тележүргізуші Максим Галкин де әділетсіздік болғанын ашық айтты.



sputniknews.kz