АҚШ Жоғарғы соты Ақ үйдің мигранттар жайлы шешімін құптамады

0
79

АҚШ Жоғарғы соты Дональд Трамптың әкімшілігіне заңсыз иммигранттардың АҚШ-тан баспана сұрауына бөгет қоятын жаңа иммиграциялық ережені қолдануына тыйым салды.

Тоғыз судьяның бесеуі Ақ үйдің апелляциясын қанағаттандырудан бас тартқан. Трамп әкімшілігі бұған дейін Калифорния судьясы шығарған шешіммен келіспей, жоғарғы сот инстанциясына шағым түсірген болатын. Қарашаның 20-сы күні Сан-Францискода судья Джон Тайгар Ақ үйдің иммигранттарға баспана беруге қатысты қабылдаған жаңа ережесін қолдануға уақытша тыйым салған.

Қараша айында президент Трамппен сот жүйесінің тәуелсіздігіне байланысты пікір таластырған Жоғарғы соттың төрағасы, консерватор Джон Робертс төрт либерал судьяның ұстанымдарына қосылған соң, Ақ үйдің апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады деп хабарлайды Reuters.

АҚШ президенті мен Жоғарғы сот төрағасы арасындағы келіспеушілікке Трамптың иммиграциялық саясатқа қатысты шешіміне Сан-Франциско округтік сотында тоқтам салған Джон Тайгерді «Обаманың судьясы» деп атауы себеп болған. Қарашаның 21-і күні Трамптың сөзіне байланысты пікірінде судья Джон Робертс АҚШ-та «Обаманың судьялары немесе Трамптың судьялары, Буштың судьялары болмаса Клинтонның судьялары» деген жоқ деп мәлімдеген.

Президент Трамп қарашаның 9-ы күні иммиграциялық саясат туралы жарлыққа қол қойған. Ол бойынша, заңсыз иммигранттар босқын мәртебесін алу құқығына ие бола алмайды. АҚШ-тан баспана алғысы келетін адам шекарадан ресми өткізу бекеті арқылы кіруі тиіс делінген құжатта.

Дереккөз: Азаттық