Жылу магистраліндегі апат жойылып, 144 көпқабатты үйге жылу беріле бастады

0
56

2018 жылғы 22 желтоқсан 14:09 226

Жылу магистраліндегі апат жойылып, 144 көпқабатты үйге жылу беріле бастады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандының «Оңтүстік-Шығыс» ықшам ауданында жылу магистралінің су беруші құбырында жүргізілген жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, ҚазАқпарат хабарлайды.

Үйлерді жылумен қамту толық көлемде қалпына келтірілді. Барлық жөндеу жұмыстары тұтынушыларды жылудан өшірмей жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, 20 желтоқсанда Оңтүстік-Шығыстағы автобекет маңында жылу магистралінің су беруші құбырында ақау пайда болды. Шұғыл режимде бұл учаскі өшіріліп, жөндеуге енгізілді.

Апат салдарынан 30-шы, «ЖТК», «Степной – 1, -2, -3, -4» шағын аудандарындағы 144 көпқабатты үй мен 32 нысан жылумен қамтудың төмендетілген режиміне ауыстырылды. Апат салдарын жоюға жер асты желісінің қатты сулануы мен температурасы 80-90 градусты құраған судан шыққан бу қатты кедергі келтірген. Ақау орнында үш апаттық-қалыпқа келтіру бригадасы жұмыс істеді.

Жылумен қамтуға қатысты сұрақтармен Қазыбек би атындағы әкімдіктің диспетчерлік қызметіне келесі телефон нөмірлерге хабарласуға болады: 41-13-53.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz