АҚШ-тағы президент сайлауы қарсаңындағы дау-дамайда Қазақстан жиі атала бастады

0

АҚШ-тағы президент сайлауы қарсаңындағы дау-дамайда Қазақстан жиі атала бастады. Басылымдар демократиялық партия атынан АҚШ президенті сайлауына түсіп отырған Джо Байденнің ұлы Хантерді «жемқорлық жайлаған клептократиялық елдердің олигархтарымен» күмәнді бизнес жасап жүр» деп айыптады.

Британдық Daily Mail басылымының жазуынша, «көптен бері шетелде аса табысты, бірақ этикалық тұрғыда күмәнді бизнеспен айналысып, кейде тіпті Джо Байденнің ресми қызметіне мүдделер қайшылығын туғызып жүрген» Хантер Байден 2012-2014 жылдары қазақстандық «олигарх» Кеңес Рақышевтің АҚШ-қа инвестиция салуына көмектесіп, «делдал» болған. Ал осы уақытта оның әкесі президент Барак Обама әкімшілігінде АҚШ-тың вице-президенті қызметін атқарған.

Кеңес Рақышев.
Кеңес Рақышев.

Басылымның айтуынша, Рақышев пен Байденнің жазысқан хаттарын редакцияға «Орталық Азия еліндегі жемқорлықпен күресіп жүргендер» салып жіберген. Бірақ Daily Mail «хаттардың» скриншотын жарияламаған, оның рас-өтірігіне қалай көз жеткізгенін де түсіндірмеген.

Бұған қоса, басылым әкелі-балалы Байдендердің Кеңес Рақышевпен және Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі (қазіргі Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы) Кәрім Мәсімовпен түсті деген суретін жариялады. Бұл суретті АҚШ-тағы New York Post басылымы Kazakhstani Initiative on Asset Recovery сайтынан көшіріп, жариялаған, бірақ оның рас-өтірігін анықтай алмаған.

New York Post әкелі-балалы Байдендердің Кеңес Рақышевпен және Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі (қазіргі Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы) Кәрім Мәсімовпен түсті деген суретін жариялады.
New York Post әкелі-балалы Байдендердің Кеңес Рақышевпен және Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі (қазіргі Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы) Кәрім Мәсімовпен түсті деген суретін жариялады.

Daily Mail-дың жазуынша, Хантер Байден «еліндегі бұрынғы деспот президент Нұрсұлтан Назарбаевтың клептократиялық режимімен отбасылық байланысы бар» Кеңес Рақышевпен көп рет кездескен. Байден Рақышевті Невададағы тау-кен компаниясын сатып алуға көндірмек болған. Ақырында олар демократ-сенатор Джон Керридің қызы Александра Форбс Керримен бірге миллион доллар инвестиция салуға келіскен.

Басылымның жазуына қарағанда, Кеңес Рақышев Хантер Байденге хат жазғанда оны «басқа анадан туған бауырым» деп атаған. Байден де Қазақстан астанасына барып, бизнес мақсатында кездесулер өткізген. Рақышевтің өзіне тоқталған басылым ел астанасының әкімі, қорғаныс министрі, премьер-министрдің орынбасары сияқты лауазымды қызметтер атқарған Иманғали Тасмағамбетовтің күйеубаласы екенін жазған (Тасмағамбетов премьер-министр, мемлекеттік хатшы сияқты бұдан да жоғары лауазымдарда болған).

Басылымның жазуынша, Рақышев 2008 жылы Ұлыбританияда «олигарх досы» Тимур Құлыбаевқа Британ Виргин аралдарында орналасқан фирманың көмегімен принц Эндрюдің Виндзордағы Sunninghill Park зәулім үйін сұраған бағасынан 3 миллион фунтқа қымбаттатып, 15 миллион фунт-стерлингке сатып алуға жәрдемдескенімен әйгілі болған. Ал Құлыбаев – «Қазақстанды жиырма жылдан астам (отыз жылға жуық – Ред.) уақыт басқарып, оны әлемдегі жемқорлыққа ең қатты батқан клептократияға айналдырған Назарбаевтың күйеубаласы» деп жазады Daily Mail.

332 миллион доллардай активі бар Рақышев 2012 жылы Forbes журналының Қазақстанның Top-15 «ең ықпалды магнаттарының» тізіміне енген. «Үлкен байлығы бар басқа олигархтар сияқты Рақышев қазір оны орналастыратын қауіпсіз жер іздеп жатыр» деп жазады басылым. Дегенмен, «ережеге бағынатын батыс капитализмі әлемінде Рақышев «көгілдір фишкалы» инвестициялық әріптестері қолма-қол ақшасын алғысы келмейтінін байқады» деп жазады Daily Mail. Мәселен, Дүниежүзілік банктің еншілес мекемесі саналатын «үлкен беделге ие» Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) онымен жұмыс істеуден бас тартқан. Басылымның жазуынша, «ашуланған Рақышев бұл ұйым Қазақстанда ешкіммен жұмыс істей алмайтындай етемін» деген.

2019 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп қызмет бабын пайдаланып, Украинаның жаңа сайланған президенті Владимир Зеленскийге Хантер Байденге қатысты елде қозғалған істі қайта қолға алуды сұрап, қысым жасады деген дауға қалған. Мұның соңы конгрестегі импичмент процедурасына ұласып, ақырында Трамп ақталып шыққан.

Дереккөз: Азаттық