АҚШ соты Трампқа Twitter-дегі оппоненттерін бұғаттауға тыйым салды
Нью-Йорктің апелляциялық соты АҚШ президенті Дональд Трампқа Twitter-дегі жеке парақшасына қолданушылардың қолжетімдігін шектеуге тыйым салды. Нью-Йорк округтік соты бірінші инстанцияда осыған ұқсас шешім шығарған еді.
Қаулы АҚШ конституциясындағы азаматтардың сөз бостандығы жайлы пунктеріне сүйене отырып қабылданған. Құжатта «лауазымды тұлғаның өзіне ұнамайтын пікір айтқан адаммен диалогты үзуіне тыйым салынған» деді судья Бэррингтон Паркер.
Бұған дейін АҚШ әділет министрлігі бұл мәселеге байланысты Нью-Йорк округтік сотының шығарған шешімін сынаған еді. Министрліктің пікірінше, Трамп жеке парақшасында түрлі мәселелерге байланысты тек өз пікірін жариялап отырады және оны мемлекеттік қызметкермен қоғамдық диалог орнататын орын деп атауға келмейді.
Алайда апелляциялық сот Трамптың Twitter-дегі аккаунтында АҚШ президентінің саясатына қатысты мәлімдемелер жасайтын «ресми есеп я тіркеу жазбасының» нышандары барын айтып, әділет министрлігінің уәжін кері қайтарған.
Дональд Трампқа қарсы шағымды сотқа жеті Twitter қолданушысы түсірген. Олар президент парақшасында «жағымсыз пікір» қалдырғаннан кейін өздерінің парақшаға кіре алмай қалғандарын, Трамп оларды бұғаттағанын айтқан.
Дональд Трамптың Twitter-дегі жеке парақшасына 62 миллионға жуық қолданушы жазылған. АҚШ президентінің мұнда ресми аккаунты да бар, бірақ Трамп оны сирек қолданады және ондағы оқырмандар саны жеке парақшасымен салыстырғанда әлдеқайда аз.