АҚШ-Солтүстік Корея-Қытай қатынасы жаңа бағытқа дамуы мүмкін
Жұма күні Қытай басшысы Ши Жинпиң еліне сапарлай келген Солтүстік Корея сыртқы істер министрі Ли Йоң Хомен кездесті және АҚШ пен Солтүстік Кореяның ымыраға келуін үміт ететінін айтты. Ол сөзінде: «Тараптар өзара жақындасып, бір-бірінің заңды мүдделерін сақтауы керек», – деген.
Биыл маусым айында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Корей Халықтық Демократиялық Республикасының ең жоғары басшысы Ким Жоң Ун Сингапурда тарихи кездесу өткізді. Бұл Корей түбегіндегі дағдарысқа бетбұрыс әкелді. Бірақ, жарты жыл уақыт өтсе де, АҚШ-КХДР арасында ядролық қарудан бас тарту туралы нәтижелі келісім болмады.
Бұған себеп көп және айқын деуге де болады. Себебі, екі ел арасында жаңадан орнай бастаған дипломатиялық байланыстар үкіметтер арасындағы түсіністікті тереңдетуге жеткіліксіз болып отыр. Оның үстіне, бұған дейін тікелей байланыстардың болмауы АҚШ пен КХДР арасындағы сенімділікке де өз әсерін тигізуде. Солтүстік Кореяның астыртын қолдаушы елдердің де өзіндік ықпалы болуы мүмкін. Тіпті, екі ел арасында ядролық қарусыздануға байланысты түсінік те бірдей емес.
Құрама Штаттар Солтүстік Кореяны өзінің барлық ядролық қаруларынан бас тартып, ядролық бағдарламаларын жою туралы нақты шара қабылдауын талап етеді. Дегенмен, Солтүстік Корея тарабы ядролық сынақ нысандарын жою, тұтқындағы америкалықтарды босату сынды бірқатар нақты шараларды атқардық деп санайды. Олар енді АҚШ-тың санкцияларын жеңілдету арқылы жауап беруін күтеді.
Ал, Қытай басшысы бұл рет қос тарапты да бірдей қадам жасап, алға жылжыуға шақырды. КХДР-ның сыртқы істерге жауапты лауазымдысы Ли Йоң Хо Бейжіңге ресми сапарлай барудан бұрын, АҚШ пен Қытай басшылары Аргентинада бас қосып, келіссөз жүргізген еді. Сол кездесуде Солтүстік Корея мәселесі де талқыланған. Қытай басшысының бұл рет АҚШ пен Солтүстік Кореяны ымыраға шақыруына да, сол реткі кездесудің өзіндік ықпалы бар.
Ал, Солтүстік Корея лауазымдысының Бейжіңге барудағы басты мақсаты да КХДР мәселесі бойынша АҚШ пен Қытай басшылары арасындағы консенсусты немесе пікір айырмашылығын білу болатын. Қытай төрағасы Ши Жинпиңмен кездесуден бұрын Ли Йоң Хо Қытай СІМ басшысы Уаң Имен кеңес өткізген. Уаң И оған Қытай-АҚШ арасындағы келіссөздің нәтижелері туралы хабардар еткен.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің кешегі ресми мәлімдемесінде айтылуынша, Ли Йоң Хо Қытай басшысына, КХДР билігі Корей түбегінің ядролық қарусыздану процесін жүзеге асыруға және бұл барыста Қытай тарабымен тығыз байланысты сақтап, қызметтерді үйлестіруге кепілдік берген.
Ал, оңтүстік кореялық «Йонхап» агенттігінің хабарында, аты аталмаған ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, Ли Йоң Хоның Қытай сапары салқындай түскен КХДР-КХР қатынасын жақындастыруға бағытталғанын айтады.
Бұл жағдайлар Солтүстік Корея мәселесі бойынша, АҚШ-Қытай немесе Солтүстік Корея-Қытай арасындағы байланыстардың жаңа бағытқа қарай өрбитінін көрсеткендей. Алдағы уақытта, АҚШ-Қытай қатынасының жақсаруы немесе керіне кетуі Солтүстік Корея мәселесіне ықпал етуі бек мүмкін.