АҚШ әскери ұшақтарын Иранға аттандырды

0

АҚШ қарулы күштерінің басшылығы Иранға қарай соғыс ұшақтарын аттандырды. Бұл туралы The Washington Post хабарлады.

Мұны Пентагон Сауд Арабиясының барлауы Тегеранның өз елдеріне шабуыл жасауға дайындалып жатқаны жайлы ақпар бергеннен кейін жасап жатыр. Корольдіктегі АҚШ әскери күштері мен сауд армиясы жоғары әскери дайындық сапына қойылды.

Осы аптада Эр-Рияд барлауы АҚШ-қа Иранның Сауд Арабиясындағы стратегиялық нысандарға, сондай-ақ Ирактың Күрдістанындағы америкалық әскерлер орналасқан базаларға шабуыл жасауға дайындалып жатқанын жеткізді. Бұл ақпаратты Ақ үй растады.

Вашингтон мұнай өндіруді қысқарту жөнінде келіспеушіліктері болғанына қарамастан, Эр-Риядпен қарым-қатынасты сақтап қалу жолындағы әрекеттерін тоқтатпайды. Қазан айының басында ОПЕК+ елдері 2020 жылдан бері бірінші рет қараша және желтоқсан айларында мұнай өндіруді рекордты мөлшерге – тәулігіне 2 млн баррельге дейін түсіруге келісімге келді. Бірақ мұндай қысқарту Ресей үшін тек пайда әкелетін еді. Осыған байланысты Байденнің әкімшілігі Сауд Арабиясын мұндай шешімнен бас тартуға үгіттеп, көндіре алмады.

Осыдан кейін АҚШ-тың көптеген конгрессмендері Сауд Арабиясымен ынтымақтастықты толық тоқтатып, Корольдіктің аумағына Америка әскерлерін кіргізуге шақырған болатын. Алайда Ақ үй Эр-Риядпен қарым-қатынасты үзуге асыға қоймады.

Құрама Штаттар араб түбегінде тұрған әуе күштерін, F-22 истребительдерін сақтап қалды. Бұдан басқа, өңірде барлау қызметін жетік меңгерген 2500 әскери қызметкері бар.

Осы күндері Иран Украинадағы соғысқа пайдалануы үшін Ресейге соғыс дрондарын бергенін де мойындады. Бұған дейін олар дрондарды бермегенін мәлімдеген еді. Иран Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахианның айтуынша, олар Ресейге соғыс басталғанға дейін бірнеше ай бұрын дронның аздаған партияларын жіберген.