Ақпарат министрлігі Назарбаев туралы жаңалықты өшіруді талап етті
Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі The Village Kazakhstan редакциясынан Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген муралда “Cancel” сөзінің жазылғаны туралы жаңалықты алып тастауды талап етті. Бұл туралы Айсана Әшім Twitter парақшасында хабарлады, деп жазды factcheck.kz сайты.
Айсана Әшімнің айтуынша, The Village Kazakhstan материалды өшіруден бас тартқан.
Жоба жетекшісінің айтуынша, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “суретін қорлайды” деп материалды өшіруді талап еткен. Министрлік Назарбаевты көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне қол сұғу заңмен қудаланатынын ескерткен.
Контекст
- 19 мамырда Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген муралда “Cancel” сөзінің жазылғаны туралы ақпарат жарияланды. Кейін желіде бірнеше парақша ақпаратты бөліскен.
- Қазақстанның Қылмыстық кодексінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың абыройы мен қадір-қасиетіне қол сұғушылық туралы бап бар. Бұл заңды бұзғандарға, айыппұл, түзеу жұмыстары, шектеу немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылады.
- “Шекарасыз репортерлер” Қазақстанның сөз бостандығын «нашар» деп бағалаған. Қазақстан бұл рейтиңде 180 елдің арасынан – 155-орында.