Ақмолада үш жасөспірім әйелді зорламақ болған еркектен құтқарып қалды

0

Ақмолалық полицейлерге үш жасөспірім зорлауға әрекет жасаған күдіктіні ұстауға көмектесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, Ақкөл қаласында тұратын 14, 17 және 18 жасар жасөспірімдердің қырағылығы мен батылдығының арқасында аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобының қызметкерлері зорлау әрекетіне қатысты күдіктіні ізін суытпай ұстады. Қазіргі уақытта Ақмола облысының полиция департаментінде батыл балаларды көрсеткен батылдығы пен табандылығы үшін көтермелеу туралы мәселе қарастырылуда.

«Оқиға 9 наурызда кешкі сағат 20.30-да болған. Күдікті теміржол төсемінің жанында, жұмыстан оралған әйелге шабуыл жасаған. Жәбірленушіге дене жарақатын салған ер адам оны жерге құлатады. Сол сәтте оқиға маңынан кездейсоқ өтіп бара жатқан үш жасөспірім әйел адамның көмек сұраған дауысына ойланбастан тұра жүгіреді. Қаскүнем балаларды көрген кезде зорламақ болған әйелді жібере салып, қашып кеткен. Жағдайдың мәнін түінген жасөспірімдер бірден 102-ге қоңырау шалады», — делінген полиция департаментінің хабарламасында. 

Дабыл қоңырауын алған полиция қызметкерлері дереу оқиға орнына шығып, куәгерлер мен жәбірленуші сипаттаған күдіктіні ізін суытпай ұстады. Ол Ақкөл қаласының бұрын сотталған 56 жастағы тұрғыны болып шықты. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Зорлау әрекеті» бабы бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды. Күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» процессуалдық мәжбүрлеу шарасы таңдалды.