Ақмола облысында жүк көлігі суға аударылып, жүргізуші көз жұмды (видео)
Ақмола облысының Шортанды ауданында жүк көлігі суға аударылып, жүргізуші тұншығып көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, қайғылы жағдай сәуірдің 16-да Бектау ауылы маңында орын алған.
«Анықталғандай, қарғын су шайып кеткен автожолмен қиыршық тас зауытына бара жатқан «Шансиман» жүк көлігі жолда батып қалады. Бульдозер тракторымен сүйреп шығару кезінде жүк көлігі аударылып, алдымен кабинасы кейін түгел суға батады. Осы кезде көлік ішінде болған жүргізуші сыртқа шыға алмай, оқиға орнында көз жұмды», — дейді ведомстводан.
Қазіргі кезде жүргізушінің денесі Нұр-Сұлтан қаласындағы мәйітханаға жіберілді. Сонымен бірге, Қылмыстық кодекстің 156-бабының 3-бөлігі «Еңбекті қорғау ережесінің бұзылуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды.
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде Шортанды ауданы аумағында жүк көлігінің сүйреу кезінде суға аударылғаны туралы бейнежазба тарап жатыр. Онда көлік ішіндегі жүргізушіні куәгерлер құтқармақшы болғанын көруге болады.