Ақмола облысында 10 жасар баланы пойыз қағып, мерт қылды

0

Ақмола облысының Ерейментау станциясында 10 жастағы мектеп оқушысы пойыз астына түсіп, көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ерейментау ауданы әкімінің орынбасары Баттал Ыбраевтің айтуынша, қайғылы оқиға демалыс күні, 10 мамырда болған. Т еміржол б ала тұратын үйге жақын орналасқан.

«Оқиғаға байланысты тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. 4-сынып оқушысы теміржолдың рұқсат етілмеген жерінен өтпек болған. Ол жерде белгіленген теміржол өтпесі жоқ. Одан әрі көпір бар, автобустар жүреді. Бала, өкінішке орай, осы уақытта ересектердің қадағалауынсыз болған», — деп түсіндірді Б.Ыбраев.

Сонымен қатар, Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аталған факті ҚР ҚК-нің 344-бабы 2-бөлігімен Нұр-Сұлтан станциясындағы желілік полиция басқармасының сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

«Тергеу жүргізілуде. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес жария етілмейді», — деп толықтырды ведомстводан.