Ақан серінің адалбақаны

0

Мектеп оқушыларының күзгі каникулы кезінде ауылдан қон­ақ келген. Же­тін­ші сын­ыпта оқитын бозбала. Үлкен ағайдың немересі, ет жақын туыс. Қалаға тұңғыш келуі. Сөйлегені қызық, түйеден түс­кендей дүңк еткізеді. Мейм­анның құр­метіне шағын дастарқан жайылған. Дәм үстінде дөңгелек жүзді, тығыршықтай қара бала бетіме бажырайып қарады да:

– Қалаңда не бар?! – деп сұрады. 

Осы қаланың бәрі құдды менің мен­шігім­дей. 

– Киноға барайық, – дедім, – әлде түнгі клубқа аңсарың ауып тұр ма?

Сөз қуған тұқымның жұрағаты емес пе, әзілімді түсінді. 

– Жоқ, киноң да, клубың да қажет емес, музейге апаршы. 

Осы жерде мен тосылдым. Музей демекші, ол орынға біз бас сұқпағалы қашан. Қызығушылық болмағаннан емес, күн­делікті қым-қуыт қарекеттің қырсығы. 

Келе­сі күні білмекке құмар інішекті ертіп әдебиет және өнер музейіне кел­дік. Жақ­сы­лар­дан қал­ған жәдігерлер тұнып тұр екен. Ал­дымен назарымыз ауғаны, Алаш­­тың ән әле­міне мәң­гі өлмес мұра қал­­дырған әй­­гі­лі Ақан серінің адалбақаны. 

– Ілкі заманда қазақ халқы киім мен өзге үй мүліктерін аяқ­­асты етпей іліп қоя­тын құ­р­ал­­­ды адал­­бақан деп ата­­ған ғой, – дейді музей директоры Нұр­бек Нұралы. – Әдет­­­те біз­­­дің өң­­і­р­­де адал­­­бақанды жуан­­дау, бұтағы көп бала­­­пан қай­ың мен шыршадан жас­а­ған. Ал  Ақан сері темір ұстасына соқтырса керек. 

Әрине өзге жұрттан серінің салтанаты басым. Берік болуын қалаған болар. Айдыны асып тұр­уын көксеген болар. Ұзын­дығы көз мөлшерімен бес метр­ден асатын бұйым екен. Төменгі жағы төрт метрдің шамасында болса, үстіңгі бір метрге жуығы қосар­лана жалғаспақ. Ұшар басына шар­болат орнаты­лы­п­ты. Өне бойына ирек сы­зық пен дөң­ге­лек бедер­лер қашал­ған. Сол ұзын тірек­­ке құд­ды аттың басы тәріз­­денген киімілгіш ілгек­тер шен­­дес­­тіріле бе­к­і­ті­ліп­ті. Әрі сол ілгек­терге аттың бас­­ын ай­қын­дап тұ­р­а­­тын бедерлер түсірілген. Төменгі жағы жер­ге қағы­лып, орнықты тұра­тын­дай етіп қыран құстың аң бүр­гелі жайылған шең­геліне ұқ­сата жасалған. Жоғары жағы айны­маған өсімдік өрнегі. Әуел баста темірдің бетіне ақ күміс жа­­ла­­тыл­са керек. Жай ғана жалатып қоймай, өрнек­пен сәнін кіргізген. Ал ең үстіндегі үшкір ұшына үлкен­­дігі қос жұдыр­­ық­тай күміс шар­­болат бекітіліпті. Заман­ында осы шар­болат киіз үй­дің ша­ңыра­ғынан шығып, күн көзімен шағы­лысып, алыстан көз арбап тұрған ғой. 

– Адалбақан деп неге айтқан, ата? – дейді ауылдан келген туыс, – бақан десе жетпейді ме?

Өзімше долбарлап жатырмын. Бақан екені рас, бірақ адал­дыққа ынтықтан шыққан сөз шы­ғар. Мысалы, серіні былай қой­ған­да тәмам жұрт киі­мін елдің аяғы­ның астында ша­шып тастамай, жинақы ұс­таған. Өзге­нің аяғы түгіл қолы тимеген. Адал сөзі бәлкім осы ұғымнан шыққан шығар. Білмекке құмар балаға бәрін жіктеп айта алмадым. 

Адалбақанды тоқ­саныншы жыл­дар­дың басында қазіргі Солтүстік Қазақ­стан облысының Айыр­тау ау­да­нындағы Сарыөзек ауылының тұрғыны, сері ұрпақ­та­ры­ның бірі Қайша Нұрға­зина тапсыр­ған екен. Екін­ші бір құнды дүние Ақан ән арнаған Ақтоқты сұлудың «Зин­гер» тігін машина­сы. Жақсы сақ­та­лып­ты. Сол қал­пы. Тіпті қазір отыра қал­ып іс тіге беруге әбден бола­тын­­­дай. Заманында Көкшетау төң­і­ре­гіне аты мәлім Сүтемген ұр­пақ­тары­нан табылған екен. Сөз арасында Сүтемген байдың осы төңірекке өр­кениет әкелген адам бол­ғандығын айта кетпесек, ар­уақ­қа қиянат болар. Бай­дың Қы­рым мен Қытай­дан жет­кіз­ген шөп, сүт машиналары, пірішке ар­басы, одан өз­гесі де то­л­ып жат­қан ғой. Шамасы Ақтоқты пайда­лан­ған «Зингер» тігін машинасы да жаңа­лық­қа құмар қайын ата­сы Сүтемген байдың Ом­бы мен Қорғаннан әк­ел­­ген бұйымы бо­лар. Кей­ін­гі ұрпақ әжеміздің көзі деп бергісі келмей тар­­тын­­­ғанымен, музей қыз­мет­­кері, әнші-ком­по­зи­­тор, марқұм Кәрім Ілияс­тегі ат түйе­дей қал­ап алып, музей қорына қос­қан екен. 

Ендігі бір зат − қалың Қарау­­ыл­­ға қамқор болған Қан­ай ше­шен­­нің сапты­аяғы. Көмейі бүл­кі­л­­­­­­деп сөз бас­тағанда Қанай би осы сап­ты­­­­­аяққа қымыз құй­ды­рып, таң­­дайын жібіт­кен деседі. Ағаш­тан ойып жас­ал­ған, сыйымдылығы бес литр шама­­сы­н­дағы шұңғыл, сопақша ыдыс. Түбі орнықты, адам ерні тиер жиек­тері жұқа әрі тік. Іліп қоюға да, қан­­­жы­­ға­ға бай­­лау­ға да ың­ғай­лы етіп сабына темір шығыр­шық тағып­ты. Аңыз айтады, Қанай би­дің ұрпақтары 1930 жылдардың басындағы алапат ашар­шы­лық жылдары осы сапты­аяқты құл­ынды биеге ай­ыр­бастамаған. Ба­бамыздың көзі дескен. Ал аштық қыс­­қанда құл­ы­н­ды бие дегеніңіз адам құны­нан қымбат емес пе еді. 

Мы­на бір құты Бөген­бай батырға тие­сілі екен. Үмбетей жы­рау Абылай ханға:

– Жасыңда болған сырласың,

Үлкен де болса құрдасың.

Батырың өлді Бөгенбай!.. – деп жүрегі қарс айы­рылып ажа­лын естір­тетін әйгілі Бөген­­бай батыр. Құты жез бен мыстан және оның қоспасынан шен­дес­тіре жасал­ған екен. Дөң­ге­леніп кел­іп орай­лас­қанда жо­ға­ры жағы­нан шүмек тәрізді жің­іш­­ке мо­й­­ын шығарылған. Мойынның ер­­­не­уі дөңгелете жа­пы­рылған. Осы тұс­­тан сәл төмен­­ірек шы­ғыр­шық та­­ғу­­ға ар­на­­­йы құлақ­ша бекітіліпті. Қос құлақ­шаға шынжыр темір­дің екі ұшы шығыр­шық­тары арқы­лы байла­на­ды. Сөйтіп темір шын­жырға іліп қоюға не қан­жы­ғаға берік етіп байлау­ға әбден болады. 

Ауылдан келген бала­ға бәрі таңсық. Ол түгілі өзі­міз­ге де. Ел назарын ау­да­ра­тын жәдігерлер аз емес екен. Тағы бірі, бәл­­­кім бірегейі түркі әлемі­нің рухани ұлы ұс­тазы – Қожа Ахмет Яс­а­уи­­дің хатқа түсір­ген атақ­­­ты хикметтері. Хик­мет­тер бір­не­ше мәр­те қазақ, өзбек, тү­рік тілдерінде жарық көрген. Бұл қолжазба көшір­месін өзге нұс­қа­­ларымен салысты­ра зерт­теген ғалым Қаржаубай Сарт­қожа. Осы қолжазбадағы өлең жол­да­ры шаға­тай тілінде жаз­ыл­ған ең көне нұс­қа­сы екені анық­­талыпты. Бұл кітап шамамен ал­ғанда ХVІ-ХVІІ ғасыр­лар ара­­лы­ғын­да бұхар қағазына түс­ір­ілген. Кі­тап тілі шағатай тілінің қып­шақ диалектісіне жатады. Яғни, қазіргі қазақтың әдеби жазба тіліне орайлас. Бұр­­ын­ғы нұсқалар негізінен оғыз диа­лек­тісінде жазылған екен. Муз­ей­дегі осы қол­жазба нұсқасы ең кө­не әрі сирек кездесетін үлгі. Бар­лығы 90 беттен тұра­тын қол­­­жазбаны толық аударған жағ­­дайда бұрын­­нан мәлім үш нұс­қа­­мен салыс­тырудың нәти­же­сінде транс­крипциялық, мәтін­дік, көркем поэти­ка­лық үлкен айырмашылықты ашуға бо­лады. Зайыры бұл қолжазба қа­зақ әдебиеті үшін де, тіл тарихы орайында да, ежелгі діни философия тақырыбында да теңдесі жоқ, ма­ңы­зы зор рухани мұра болса керек.

Ет пісірім уақыт ішінде ауылдан кел­ген інімнің арқасында музейден мол мағ­лұ­мат алып шық­тық. 

– Рахмет, ата! – дейді көп жәді­гер­ден сыр ұққан қара бала. 

Саған рахмет, дедім мен ішімнен. Сен келмесең, жанынан күнде өтіп жүр­­­ген музейге бас сұғар ма едік, кім біл­сін?!. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan» 

Ақмола облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/