Апатқа ұшыраған ұшақтың техникалық жағдайы жақсы болған

0

Бүгін Bek Air әуе компаниясының басшылығы Fokker-100 ұшағының Алматы әуежайының маңындағы апаты жайлы баспасөз мәслихатын өткізді.

Компанияның ұшу қызметінің директоры Ерік Сапаровтың айтуынша, Bek Air әуе компаниясына тиесілі Fokker-100 ұшағы жеңіл салмақты ұшақ санатына жатады. Оның сөзінше, жеңіл ұшақтың апатқа ұшырауына бір минут бұрын ұшқан ауыр салмақты Airbus ұшағының әуе толқыны әсер етуі, ұшақты басқаруды күрт қиындатқан болуы мүмкін.

Ерік Сапаровтың сөзінше, ұшақтар кем дегенде екі-үш минут интервалмен ұшуы тиіс. Апатқа ұшыраған Fokker-100 ұшағының ұшу траекториясын көрсеткен ол «экипаж командирі соңғы сәтке дейін ұшақты құтқарып қалуға тырысқан» деп бағалады.

Bek Air компаниясының ұшқыш инструкторы Александр Колесниковтің сөзінше, апатқа ұшыраған ұшақтың техникалық жағдайы жақсы болған.

— Апатқа ұшыраса да өртенбегені соның белгісі. Құтқару қызметі 4 тоннадан астам бензин сорып алған. Сапасыз ұшақ болса жарылып кетер еді. Ұшуға жарамдылығы жайлы сертификаты бар. Ол сертификаты болмаса, азаматтық авиация комитеті ұшуға рұқсат бермейді,- дейді ол.

27 желтоқсанда таңертең Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайына жақын жерге құлаған. Ұшақта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. 12 адам қаза тауып, ондаған жолаушы ауруханаға түскен.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев үкімет отырысы кезінде Bek Air әуе компаниясына тиесілі Fokker-100 ұшағының Алматы әуежайына таяу маңдағы апатына үш жайттың бірі себеп болуы мүмкін: Бірінші — экипаждың қатесі, екінші — ұшақтың техникалық ақауы, үшінші — навигация қызметінің жұмысы деген болатын.

Сонымен қатар, министр апатқа ұшыраған ұшақтың өртенбей қалуына ауа-райы де әсер етті деген пікір айтқан.

Қазақстанда 28 желтоқсан жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланған. Сенбі күні кейбір қалада тұрғындар ұшақ апатынан қаза болғандар тағзым етті.

Премьер-министр Асқар Мамин апаттан қаза болғандардың отбасына төрт миллион теңгеден (шамамен 10,5 мың доллар) төленетінін айтты. Bek Air компаниясына берілген лицензия уақытша тоқтатылды.

Azattyq