Бас прокуратура Ақжарқын Тұрлыбайды елге қалай қайтаруға болатынын айтты

0

27 желтоқсан күні Қытай соты отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты сот шешімін өзгеріссіз қалдырды

НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан – Sputnik. Бас прокуратура Қытайда өмір бойы бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтару үшін не істеу керектігін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, прокуратура органдары үкімнің заңды күшіне енгенін күтеді. Одан кейін Ақжарқын Тұрлыбайды жазаны өз елінде өтеу үшін қайтару шараларына кірісуге болады. Алайда оған Тұрлыбайдың өз келісімі керек.

«Қазақстан мен Қытайдың арасында тиісті келісімшарт бар. Сол шарт бойынша жұмыс істейміз. Сот үкімі шыққанымен заңды күшіне енуі керек. Содан кейін өкілетті орган – прокуратура, яғни біз қалған жазасын Қазақстанда өтеуге мүмкіндік жасаймыз. Келісімшарттың негізінде сұрау саламыз. Әрине, Ақжарқынның өз келісімі болуы керек. Қазақстанда қалған жазаны өтеуге келісіп, өтініш берсе, жұмыс істейміз», – деді Ахметжанов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Сот үкімі өзгеріссіз қалды

27 желтоқсанда Қытай соты отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты сот шешімін өзгеріссіз қалдырған болатын.   

«Қытай соты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкімді өзгеріссіз қалдырды», – делінген сыртқы істер министрлігінің ресми хабарламасында.

Сот үкімі 10 күннен соң күшіне енеді. Отырысқа Ақжарқынның адвокаттары мен Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің консулы қатысқан.

Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдыры

Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді.

2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.

2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.

Қытай соты Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты үкім шығарды 

Осы жылдың қыркүйегінде Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова Қазақстан президентіне көмек сұрап хат жазды. Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары кезінде Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерген болатын.

Ақжарқын түрмеде немен айналысады

Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің мәліметіне сүйенсек, Тұрлыбай қасындағы сотталғандарға ағылшын тілін үйретіп жүр. Сонымен қатар, көркем әдебиет оқиды, дене шынықтырумен де айналысады. Қытай тілін жақсы меңгеріп алған.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз