Аңызға айналған махаббат хикаясы

0

Мәдениет және спорт министр­­лігінің арна­йы му­зы­калық жобасын «Қазақ­концерт» мемлекеттік кон­церт­тік ұйымының «Астана Мюзикл» театры ұсынған Notre Dame de Paris қойылымы отан­дық театр өнері үшін жаңа же­тіс­тік, тың жаңалық болды. Ай­тарлығы, бұл туынды Ор­­та­лық Азия елдерінде алғаш рет біз­дің елімізде қойылып отыр. Әлем­дік мәдениеттің жауһарына ай­налған шығарма алғашқы қойылымынан-ақ Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ең алғаш рет туынды 1998 жылы Париж қаласындағы Конгресс сарайында қойыл­ған. Міне, содан бері қанша уа­қыт өтсе де туынды өз бағасын әсте төмендеткен емес. 11 миллионнан астам көрермен тамашалаған үз­дік туынды әлемнің тоғыз ті­ліне аударылған. Қазақстан – атақты мюзиклді өзінің мем­­лекеттік тіліне аударған оныншы ел.

Мюзиклде баяндалған сюжет әйгілі француз жазушысы Виктор Гюгоның атақты «Париж Құдай анасының соборы» романының желісі бойынша жазылған. Бұл – махаббат пен сатқындық хикаясы, сенiм мен ғажайыпқа толы көріністер бейнеленген қойылым.

Туындыны сахналау үшін 70-тен аса өнерпаз атсалысты. Әртістер, бишілер мен акробаттар және солистер бар өнерін ортаға салып, елордалық кө­рер­менді тәнті етті. Ерекше сұлулығымен көпшілікті там­сандырған сыған қызы Эсмеральда (Жарқынай Шал­қарова) мейірімділік пен бір­лікті қолдау жолында мерт болады. Оның мінсіз сұлу­лығына ғашық болған Париж Әулие соборының архидьяконы Фролло (Ербол Нариманұлы), сымбатты кел­беті оның зұлымдыққа то­лы ішкі жан дүниесімен үй­леспейтін капитан Фебюс (Ди­­дар Абдухалықов), ақын Гренгуардың (Армат Аман­дыков) махаббаты қыздың жүрек түк­піріндегі жан сырын терең ұға ал­ған жоқ. Тек собордың бүкір, ақсақ қоңы­раушысы Квазимода (Қайрат Сарыбаев) ғана Эс­ме­раль­даның әсем келбетімен қа­тар, оның мейірімге толы ішкі жан дүниесін шын ұнатты. Өзіне ынтық болған ерлердің ішінде қыз таңдауы Фебюсқа түседі. Ол некелескеніне қа­ра­мастан, оның сезімдеріне қарсылық білдірмейді. Алай­да Фроллоның мәнсіз қызға­нышынан туындаған қайғылы жағдайлардың кесірінен сыған қызы түрмеге қамалып, сол жерде жан тапсырады. Ал оқиғаға куә болған «Париж Құ­дай анасының соборы» – бұл күн­дері Париждегі туристер көп бара­­тын жерлердің бірі.

Қойылымдағы француз­дық шансон мен сыған мо­тив­теріндегі танымал ән­дер, заманауи хореография, қы­зық­ты декорациялар, жа­рық пен музыка, актерлер мен акробаттар өнері және қай­таланбас декорация­лар мю­зиклдің мәнін асқақтата түсті. Мюзиклде өнер көрсет­кен та­лант­ты вокалистер, ак­тер­­лер, акробаттар мен би­­шілер еліміздің барлық ай­­ма­ғынан іріктеліп, кас­тингтен өткен. Қо­йы­лымға жетекшілік еткен мюзикл авторлары Р.Коччанте мен Л.Пламондон, сондай-ақ фран­­­цуздық продюсерлер мен режиссерлер отандық әртіс­тердің жұмы­сына жо­ғары баға берді. 

Мюзикл композиторы Рик­кардо Коччанте актерлерді қа­лай таңдағанын айтып берді. «Актер­лер қатал іріктеуден өтті. Өйткені актерлер билеп жүріп, ән шырқауы керек. Мұнымен қоса образды ашып, көрерменге жеткізу тағы бар.­ Менің әнім өте қиын. Оны үл­кен диапазондағы әртіс­тер орындауы тиіс болды. Әртістерді таңдауда ең бірінші оның барлық нотаны орындай алу шеберлігіне мән бердік. Екінші талабымыз – әртіс өз кейіпкерінің көңіл күйін, сезімін анық жеткізе алуы керек еді. Ал үшінші талабымыз – әртістің кейіпкер келбетіне сай келуі. Мысалы, Фебюс пен Эс­меральда өте әдемі болуы керек. Үміткерлер өте көп болды, алайда біз ең үздіктерін таң­дадық», деді композитор Рик­кардо Коччанте.

Қоюшы-режиссер Роберт Мариен актерлердің жас болға­ны­на қарамастан, жоғары дең­гейде өнер көрсеткенін айтады. «Актерлердің ше­бер­лігі мен біліктілігінің ар­қасында қойы­лым жоғары дең­гейде орындалды деп ойлаймын. Қойылымға таң­дал­ған ак­терлер – нағыз өз сала­сының ма­мандары. Мұ­ның барлығын қойылымды тамашалағанда байқауға болады. Олардың көбі негізінен әншілер, акробаттар болды. Оларға қойылған не­гізгі та­­лаптардың бірі – ән мен биді, ырғақты қатар алып жүру. Мюзиклдегі әрбір ән маңызды, дара. Сондықтан әрбір актер, биші өздеріне берілген рөлді жете түсінуі қажет. Тіпті бишілердің өзі жай ғана бірдей ырғақты би­лейтін сияқты көрінгенімен, олар­дың өзі сөйлеп тұруына аса мән бердік», дейді ол.

Елордада сахналанған мю­зикл­дің түпнұсқадан айырма­шы­лығы жоқ. Ол үшін декорациялар Италиядан әкелініп, костюмдер Қазақстанда тігіл­ді. Жалғыз айыр­машылық – қойылым тілі. Түп­нұсқа либ­реттоның авторы – Люк Пламондон. Ал туындыны қазақ тілінде сөйлеткен әде­биеттанушы, ақын Серікзат Дүй­сенғазы қазақ тіліндегі қо­йы­­лым өзінің түпкі сарынын сақ­тап қалғанын айтты. «Мю­зикл продюсерлері мәтін түп­нұсқамен бірдей болуы керек деп талап қойды. Мәтін қандай бол­са, дәл мағынасын беретін сөз­дер арқылы қиюластырып аудар­дық», дейді ақын.

Мюзикл желісінде атақ­ты «Belle», «Danse mon esme­ralda», «Le Temps des Cathedrales» сынды елуге жуық ән қазақ тілінде орындалып, тыңдарманды бірден бау­рап алғанына куә болдық. Лық толы зал мен үздіксіз со­з­ылған ду қол шапалақ – ха­лық­­тың қойылымға берген ең үлкен бағасы болса керек. Әлемнің үз­дік туындысының қазақ ті­лін­де сахналануы тәуелсіз Қа­зақстанның та­ри­хындағы айтулы оқиға бол­ғаны сөзсіз. Сондай-ақ қойы­лымды еліміздің басқа өңір­лерінде және келесі жылы Өзбекстандағы Қазақстан жы­лы аясында Ташкентте қою жоспарланып отыр. 

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/