«Антикордан емес, Алладан қорыққаныңа рахмет!»: Хаменова жауабын өзгерткен куәгерге алғыс айтты
Ақылбек Рысқалиев бұған дейін берген түсініктемесін өзгертті.
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін тараптардың жарыссөзі басталуы керек еді. Алайда сотталушы тараптың адвокаттары жарыссөз басталмай тұрып, айыпталушының бірі Ақылбек Рысқалиевтен жауап алуды сұрады.
Ақылбек Рысқалиев жауап алу кезінде бұған дейін берген түсініктемесін жоққа шығарды.
«Мен есеңгіреп, қатты күйзелісте болдым. Сол кезде Антикор қызметкерлерінің бірі келіп, бұл қаржыны облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға арналған деп жауап беру керек екенін айтты. Егер мен осылай көрсетсем, менің қорғалу құқығы бар куә болып қалатынымды түсіндірді. Бұл үшін жауапкершілікке тартылмайтынымды ескертті. Антикор қызметкерінің нақты кім екенін айта алмаймын, оларды танымаймын», — деді Рысқалиев.
Рысқалиев Өміртай Адамов («Балқыту» ЖШС директоры – Halyq Uni) екеуі арасындағы келісімнен Бақытгүл Хаменованың хабарсыз екенін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлеріне айтқанын жеткізді.
«Мені Хаменовамен қалай сөйлесу қажет екеніне дайындады. Мен Адамов, ақша туралы айтсам, Хаменова оны түсінбейтінін ескерттім. Ешқандай сезік тудырмайтындай етіп сөйлеп, ыммен сөйлесіп жеткізу қажет екенін айтты. Ең бастысы менің ақша алып келгенімді Хаменова түсінсін деді. Мені қалай дайындады, мен солай жеткіздім» — деді Рысқалиев.
Ол сондай-ақ бұған дейін неге басқаша жауап бергенін де түсіндірді.
«Мен осыған дейін көп ойландым. Осыған дейінгі әрекеттерді көріп қатты шаршадым. Басында бірінші берген жауабымды өзгеріссіз қалдырамын деп тырыстым. Мені сол дайындықтан өткізген Антикор қызметкерлері соңына дейін барсаң өзің үшін бәрі жақсы болады деп сендірді. Олар бәрінен босатыласың деді. Бірақ күні бүгінге дейін олардың тарапынан мені қорғау, қолдау әрекеттері жасалмағандықтан, қалай болғанын айтуға шешім қабылдадым», — деді ол.
Содан кейін Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова Ақылбек Рысқалиевке алғыс айтты.
«Не айтарымды білмей тұрмын. Пайғамбарымыздан «мұсылман қандай болады?» деп сұраған екен. «Мұсылман сараң бола ма?» десе, «иә, сараң болады» деген. «Мұсылман қорқақ бола ма?» деп сұрағанда, «иә, қорқақ болады» деп жауап берген. «Мұсылман өтірік айта ма?» дейді, «жоқ, өтірік айтпайды» дейді. Бүгін мұсылмандық танытқаныңызға, Антикордан емес, Алладан қорыққаныңызға рахмет! Он ай бойы сол тар қапасқа тықсаңыз да, бүгін шындығыңызды айтқаныңызға рахмет айтамын. Ерлік жасағаныңызға ризашылығымды айтамын», — деді Хаменова Рысқалиевке.
ХАМЕНОВА ІСІ
2021 жылдың желтоқсанында сол кездегі Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.
Келісімшарт облыстық мәдениет басқармасы мен «Балқыту» ЖШС арасында жасалған.
2021 жылдың 12 желтоқсанында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу шарасын қабылдаған. 22 желтоқсанда Атырау облыстық соты екі айға қамауға алу шарасын алды.
Хаменоваға қатысты қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотына 2022 жылдың 31 мамырда түсті. Сот процесі 2022 жылдың 3 тамызында басталды.
Процесс басында бұл істе Бақытгүл Хаменова және Ақылбек Рысқалиевтен бөлек үшінші айыпталушы бары белгілі болды. Бұл – «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов.
Сот отырысына судья Жұмабек Тәшімов төрағалық етеді. Мемлекеттік айыптаушы – Атырау облысы прокуратура басқармасының прокуроры Лаура Асанова.
Екінші сот отырысында прокурор айыптау актісін оқыды.
Сот отырысының бірінде Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты.