Анталияға барған турист әйел көрген қиыншылықтары жайлы: Сынама нәтижесі теріс болса да, қамап қойды

0

Түркияның Анталия қаласына барған қазақстандық азаматша шетелде мәселе тудырған демалысы жайлы айтып берді.

Малика есімді қазақстандық турист бұл туралы әлеуметтік желіде жазба қалдырған. Сөзінше, ол Анталияға  «Air Astana» рейсімен ұшып келген.

«Алғашында біз Сидедегі қонақ үйге тоқтамақшы болғанбыз. Бірақ ол жер санитарлық нормаларға дайын болмағанадықтан бізді Текировадағы қонақ үйге ауыстырды. 3 күн бойы ешкіммен байланысқа түспей дамалып жаттық. Ал 24 маусым күні бізбен бір рейсте келген азаматтан коронавирус табылғанын жеткізді. Бізді ауруханаға сынамадан өтуге алып кетті. Дәрігерлер сараптама нәтижесі бірнеше сағаттан дайын болады деп сендірген соң барған едік», — дейді әйел.

Туристтің айтуынша, олармен бірге Алматыдан келген тағы бір отбасыны алып кетіпті.

«Бір рейспен келіппіз-міс. Бірақ біз Нұр-Сұлтаннан, олар Алматыдан 21 маусым күні келген. Біз бар-жоғы бір күн ғана боласыңдар деп айтқан. Алайда содан бері үш күн өтті. Біздің Түркиядағы жолсерігіміз тіпті жауап бермейді. Бөлмемізде ыстық су да, интернет те жоқ. Біз кіргелі тазаланбады. Ал төртінші күні амалым таусылғандықтан әбігерге салынып, елшілікпен байланыспақ болдым. Тіпті БАҚ-ты шулатуыма тура келді», — дейді ол.

Бұған қоса қазақстандық әйел оларды полициямен қорқытып, бөлмелерінен шығармай жатқандарын алға тартты.

«Егер біздің сынамамыз теріс болса да, ешқайда шығармайтынын айтты. Демалысымыздың бітуіне төрт-ақ күн қалса да бөлмемізде отырсын деді. Бірақ БАҚ-та біз туралы айтылған соң, турситік оператор бізге назар аударды. Тіпті, жоқ болып кеткен гидтің өзі хабарласты. Абырой болғанда, сынама нәтижесі теріс екені анықталды», — дейді Малика.

Бізді не үшін қамап ұстағаны белгісіз дейді әйел. Себебі олар басқа рейспен келген көрінеді.

Сондай-ақ ол Алматыдан келген отбасының отағасынан коронавирус анықталғанын айтып кетті. Турист әйел өзінің кінәсін мойындайтынын жеткізді. Айтуынша, пандемия кезінде демалысқа бару дұрыс шешім болмаған.

«Бірақ бұлай боларын кім білген. Журналистерге мың алғыс. Егер олар елшілікті шулатпағанда бізге көңіл бөлінбес еді. Бізді Анталиядан алып кетті. Бәрі жақсы аяқталғанына қуаныштымын», — дейді әйел.

Stan.kz