Әнші Нұрлан Албан өзін депутаттыққа ұсынды

0
Белгілі әнші Нұрлан Албан өзін Қазақстан Республикасы Парламент депутатына үміткер ретінде ұсынып, құжат тапсырғанын айтты, деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ол өзінің Instagram-дағы парақшасында мәлім етті.

“Мен ниет етіп, үлкен іске қадам жасадым. Бұл ақпаратты естігенде біріңіз күйінерсіз, біріңіз сүйінерсіз, біріңіз жақтарсыз, біріңіз даттарсыз. Бұл шешімге келмес бұрын көп ойландым. Мені жақсы көретін ел-жұрттың, дос-жаран, ағайын-бауырлардың ұсынысымен алда келе жатқан үлкен науқан, сайлауға мен де қатысып, бәйгеде бағымды сынасам деп шештім. Күні кеше Алматы облысына қарасты сайлау округіне берілген талап-тілектерім ескерілді. Бүгін бірмандатты жүйе бойынша өзімді-өзім ұсынып, Қазақстан Республикасы Парламент депутатына кандидат екенімді растайтын куәлік берілді”, – дейді өнер иесі.

Әншінің айтуынша, ол ешқандай партияға мүше емес.

“Мен ешқандай партияда жоқпын. Жалғыз ілікті адамға бұл жауапкершіліктің жоғары екенін, қаншалықты қиын екенін, қаржылай жағынан да оңай соқпасын білемін. Сайлауға қатысуға бел байладым. Бай-бағланның баласы емеспін, асып-тасқан бай емесін. Мені жақсы көретін дәулетті аға-апаларым көмек, қолдау көрсетемін десе, қарсы емеспін. Ең бастысы, тілекші болыңыз”, – деп оқырмандарына өтініш тастады ол.