Сот та жоқ, тергеу де жоқ: Қайрат Құдайберген қаңтар оқиғасы жөнінде өз нұсқасын айтты

0

Қаңтар оқиғасына қатысты сауалдар уақыт өте келе көбейе береді. Нақты, дәлелденген ақпарат жоқтың-қасы, тек БАҚ-тағы аз ғана ресми мәліметтер мен әлеуметтік желілерде зардап шеккендердің шағымдары тараған. Соған қарамастан, БАҚ құқық қорғау органдарының қаңтар айында ғана ресми ақпарат беруді ескерткеніне қарамастан, сол уақыттан бері оқиғаға негіз болатын көп дүниені анықтауға тырысып бағуда. Ulysmedia.kz журналистері шерушілерді ұстау, камералардағы азаптау, жоғары лауазымды шенеуніктердің елді елең еткізген тұтқындаулары туралы ондаған мақала жариялады. Ал, шын мәнінде, «құпия» мөрі бар деректер неге жарияланбайды? Оның үстіне, бір нәрсе туралы неғұрлым аз айтылса, ол туралы соғұрлым көбірек білгіңіз келетіні бар емес пе? Бұл бұрыннан бар нәрсе.

Қаңтардағы қанды қырғынды кім және қандай мақсаттарды көздеп, ұйымдастырды? Біз бұл тақырыптағы ақпаратты бірте-бірте жинаймыз береміз және бұрын беймәлім болып келген мәліметтерді табуға деген «құштарлығымыз» ақпарат көзімізге ауыр шабуылдардың жасалуына себеп болды деп есептейміз. Алайда, біз 2022 жылдың басында не болғанын бәрібір анықтауға тырысамыз және кімнің қызыл күртеше кигенін, кімнің қолына ақ таңғыш тартқанын, камераларға кімнің және не үшін түскенін білуге ​​​​күш саламыз.

Әзірге дәлелдей алмайды

Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайбергеннің қамауға алынуы көптеген сұрақтар туғызады, оған қаңтардағы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деген айып тағылуда. Тергеушілер істі 2022 жылдың 23 желтоқсанында аяқтады, бірақ қамауда ұстау мерзімі қаңтарда тағы да ұзартылды – жетінші рет!

Қайрат Құдайберген билік құрылымдарына, жұмсақтап айтқанда, бөтендеу көрінді, ол тым ашық әрі әңгімешіл еді. Сондықтан да болар, жақтастары оны сотқа дейін-а, тек қылмыстық істің ашылуының негізінде партиядан шығарып, депутаттық мандатынан айырып тастады.

Қ.Құдайберген сәуір айында тергеу изоляторына қамалды. Содан кейін Алматы прокуратурасы алдын ала болжамға сүйеніп, оны қылмыстық ұйымның «Дикий Арман» лақап атымен танылған жетекшісі Жұмагелдиевпен бірге «қаңтар оқиғасы кезінде наразылық білдірушілердің басын қосып, топ ұйымдастырды» деп айыптады.

Содан бері Қайрат қалалық мәслихат депутаты бола тұра, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғаны және оған қатысқаны үшін қамауда отыр, ал Қылмыстық кодексте мұндай әрекетке 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Күдіктінің өзі Ulysmedia.kz тілшісіне тергеушілердің бұл іспен неге сонша ұзақ уақыт бойы айналыса алмай жүргенін баяндап берді. Сұрақтарымызды сотталушыға мемлекеттік қорғаушы, оның анасы Бибігүл Қабдолдина арқылы жолдадық.

Айта кетерлігі, біз тергеу камерасынан жауаптары бар қолжазба мәтінді тез арада алдық. Ондағы біздің сұхбатымыз былай өрбіген

– Сәуір айынан бері сізді қамауда ұстау мерзімі жеті рет ұзартылғанына қарағанда, іс тоқтап қалған сияқты?..

– Мұның себептері, менің ойымша, айыптау материалдары өте әлсіз және «тайғақ» болып жатыр. Қамауда ұстау мерзімін бір ұзартқанда олар сараптама жүргізу қажеттігін алға тартты, бірақ ол сол кездің өзінде дайын болатын. Тағы бір жолы – менің қатысуыммен бейнематериалдармен танысуға және оларды сараптамаға дайындауға уақыт керек болды. Нәтижесінде, ұсынылған 55 материалдың ішінде мен төртеуінде ғана бар болып шықтым, яғни тергеушілер уақытпен ғана ойнап жүргені белгілі болды. Былтырғы 15 желтоқсандағы ұзарту туралы қаулыда олар енді «Қазақстан» қонақүйінің бейнебақылау камераларынан алынған бейнежазбаларға сараптама жүргізуге уақыт қажет екендігін ескертті. Ол 2022 жылдың 5-7 қаңтары аралығындағы бейнежазбаларды цифрлық өңдеуге және тексеруге арналған. Ал бұл сараптама, неге екені белгісіз, Шымкентте жүргізілді. Олардың айтуынша, екі күнде қонақүйдегі жазба көлемі 10 терабайтты құраған!

Әрине, мен бейнебақылау маманы емеспін, бірақ мұндай үлкен көлемдегі ақпарат қайдан келеді? Неліктен сараптама бірнеше рет жүргізіледі және неге Шымкентте? Тергеу маған қысым көрсету үшін әдейі созылып жатқанына сенімдімін.

Айтпақшы, менің ісім бойынша тергеу 2022 жылдың 23 желтоқсанында аяқталған екен, бірақ бұл туралы хабарламаны тек 2023 жылдың 23 қаңтарында, яғни тура бір айдан кейін алдым.

Тергеушілер қаңтар оқиғасы бойынша басқа да күдіктілерді митингке қатысушыларға 400 доллардан таратқаным туралы куәлік беруге көндіргені туралы деректер бар. Бірақ көпшілігі бас тартқан, мүмкін олар ар-ұжданынан аттай алмаған шығар. Қанша адам қысымға шыдамай немесе үйқамаққа босатуға уәде алып, мұны айтуға келіскенін білмеймін.

Біз президент әкімшілігіне арыз жаздық, президент әкімшілігі оны Бас прокуратураға жіберді. Ол ведомство оны ведомствоаралық жедел тергеу тобының басшысы Тимур Қырылдақовқа берген шығар, ол өз кезегінде менің тергеушілеріме жіберді деп ойлаймын.

Мені қорқытып, қысым көрсеткен сол кездегі жедел тергеу тобының тергеушісі Алмас Түкеновке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол жалпы заңмен тыйым салынған күдіктілер отырған тергеу изоляторына емін-еркін кіріп, мені камерадан шығарып, кеңсесіне алып барды. Содан соң адвокаттарымсыз, мені басына жауап алуға кірісті. Өзіне қарсы куәлік беруімді талап етті, әйтпесе 15 жылға жаба салатындығын айтты. Көп ұзамай Антикор іс қозғап, кейін ол тоқтатылды. Ал Түкенов жедел тергеу тобынан шығарылып, іле-шала Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті басшысының орынбасары болып тағайындалды. Шамасы, Отаны алдында «ерекше» қызмет еткен болар.

– Сізбен бірге тергеу камерасында кім бар? Ол адамдарға қандай айып тағылып жатыр?

– Қазір камерада жалғызбын, қауіпсіздік мақсатында өзім сұрандым. Оған дейін менімен бір бап бойынша күдікке ілінгендермен қатар отырдым. Олардың біріне кейіннен ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысы бар және бандитизмді ұйымдастырды деген баптар қосылды. Екіншісіне жаппай тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген айып тағылды. Мені басқа камераға ауыстырған соң, бірнеше күннен кейін бұзақылық жасады деген күдікке ілінген жігітті орналастырды қасыма. Екі күннен кейін оны әңгімеге өздерін «Антикордың» қызметкерлеріміз деп таныстырған адамдар шақырып, өздерімен «жұмыс істеуді» ұсынған. Ол өзінің мен туралы материалдар жинау үшін жұмысқа алғылары келетінін бірден түсінді, бұл «ВКР» (палаталық өңдеу) деп аталады. Ол жігіт азамат екен, бас тартты, келесі күні оны менің камерамнан шығарып алды. Содан кейін қаңтар оқиғасы кезінде тонау бабымен ұсталған тағы біреуін отырғызды, біз сол кезде де күресіп бақтық.

Мені қолдауға келген азаматтар – кәсіпкерлер, блогерлер, қоғам белсенділері онда қылмыс құрамы жоқ екенін дәлелдеуге күш салды. Бір аптаның ішінде соты болып, бостандыққа шықты.

– Сіз Қайрат Сатыбалдыны танисыз ба? Танысаңыз, онымен қандай қарым-қатынаста болдыңыз – достық па, іскерлік пе?

– Мен оны ешқашан білген емеспін және ешқашан көрмедім де.

– Ал Жұмагелдиевпен қалай таныстыңыз?

– Мен Жұмагелдиевті 5 қаңтар күні шаршы алаңда кездестірдім. Бұл айыптың негізі болды. Маған Жұмагелдиевтің азаматтық белсенділігін қолдау және көпшіліктің оң көзқарасын қалыптастыру туралы айрықша рөл берілді. Соның салдарынан мені қаңтар оқиғасының ұйымдастырушысы қылмақшы.

видеодан кадр

видеодан кадр

Сол күні алаңда халықты тыныштандыруға тырысып, полицейлерді қорғадым. Бейнежазбалар бар, бірақ тергеушілер оларды көрсетуі екіталай, бірақ оларда бар екеніне сенімдімін. Бірақ құзырлы органдардың бар мақсаты – мені террорист етіп шығару. Мен сарбаздарды оқшаулап, қорғауға тырыстым, сол үшін басымнан жарақат та алдым, мұрныма сойыл да тиді. Мұның бәрі видеода жазылған. Мен өзімнен қаһарманның бейнесін жасауға тырыспаймын – объективтілікке жетуге тырысамын.

Жұмагелдиев сөз бастағанда, қасымдағылар: «Сен де халыққа сөйлейсің», – деді. Жұмагелдиевке сол кезде халықты бірлікке шақырғандықтан ғана жақындадым. Билікті басып алу туралы сөз қозғамады, сарбаздар мен полицейлерді ұрып-соғуға шақырмады. Төтенше жағдайда оның мәлімдемелерінің орындылығын, сондай-ақ оның соңынан алаңға шыққан көптеген адамдар сөзін тыңдайтындығын сездім. Ал мұндай бейберекетсіздікті тоқтатуы тиіс тәртіп сақшылары бұған шамалары келмейтініне көзім жетті. Сондықтан Жұмагелдиевпен қалай болғанда да күш біріктіруді ойладым.

– Алаңға барғанда, онда не болып жатқанын және Жұмагелдиевті сол жерде кездестіретініңізді білдіңіз бе?

– Әрине, жоқ, Жұмагелдиевті алаңға шығады деп мүлде ойламадым.

– Неліктен наразылық білдірушілерді тарап кетуге шақырмадыңыз, өйткені сіз билік өкілі – мәслихат депутаты ретінде істің соңы жақсылықпен аяқталмауы мүмкін екенін түсінуіңіз керек еді?

– Мен жаңа ғана айтқанымдай, шақырдым! Оның үстіне көбін үйлеріне қайтуға көндірдім. Мен, тіпті көпшілікті оқ өтпейтін жилеттерін шешіп, қалқандары мен шоқпарларын тастауға да көндірдім. Мұның бәрі видеода бар.

– Оқиғаның куәгерлері алаңда, әуежайда қара киімді, қазақша сөйлемейтін адамдар болғанын алға тартады. Мұндай жандарды кездестірдіңіз бе? Егер солай болса, олар кімдер және артынан қайда жоғалып кетті?

– Мен оларды көрген жоқпын. Шағын топтар болғанымен, араларында арандатушылар да жүрді. Бірақ қара жамылған адамдарды, шет тілінде сөйлейтіндерін кездестірмедім. Олар қайда кетті? 20 000 лаңкеспен бір жерде шығар.

– Алаңға жиналғандарға қалалық мәслихаттың депутаты екеніңізді айттыңыз ба, әлде жасырдыңыз ба?

– Мен алаңға ел қамын ойлайтын қарапайым адам ретінде шықтым.

– Мәжіліс сізбен байланыста болды ма – хатшысы бар, төрағасы бар, әріптестеріңіз бар? Біреуі бірдеңе хабарлады ма, хат-хабар алмастыңыз ба?

– Мен де полиция департаменті басшысына телефон соқтым, әкімнің орынбасарына телефон соқтым, партияға телефон соқтым, басқа да жауапты азаматтарды шақырдым, ешкім жауап бермеді. Барлық қоңыраулар қазір тергеушілерге түскен телефондарымда сақтаулы.

– Әкімдер мен депутаттарды алаңға шықпады, халықпен тілдеспеді деп айыптайды көпшілік. Ал сіз оқиғаның ошағында болғандардың бірісіз, өзіңізді кінәлі сезінбейсіз бе?

– Қала әкімі халықпен сөйлесуге шықса, бәрі басқаша болар еді деп ойлаймын. Десе де ешкімге ренжігенім жоқ, өйткені билікке еш қатысым жоқ. Мәслихат депутаты – биліктің емес, халықтың мүддесін қорғайтын адам.

– Тергеу неге кешіктіріліп жатыр? Оны өзіңіз қалай түсіндіресіз?

– Мені неге темір тордың арғы жағында ұстайтындарын түсінбеймін. Барлық айыптаулар істі саяси тапсырыспен «созып жатқан» тергеушілердің қиялынан туған. Оның үстіне, тергеушілер мені танымайтын Болат Назарбаевқа қарсы куәлік беруімді бірнеше рет өтінді. Мәслихат депутаты ретінде ғана хабарласқан Бауыржан Байбекке және елімізге белгілі бірқатар кәсіпкерлерге де қарсы куәлік етуге үгіттеді. Бірақ мен кімге болса да жала жабудан бас тарттым, өйткені ертең бәріміз Құдай алдында жауап беруіміз керек. Сондықтан мен мұндай айғақтар бере алмаймын.

Болат Назарбаев

– Сізді айыптауға не негіз болды – фото, видео ма, әлде біреудің айғағы ма?

– Айыптаулар Жұмагелдиевпен алаңда және «Қазақстан» қонақүйінде болған бірнеше бейнематериалдарға және Инстаграм желісіндегі Жұмагелдиев туралы жазбама негізделген. Дәл осы жазбам мені «жағымды имидж жасады» деп айыптауға себеп болған сияқты. Бір пост және осындай керемет нәтижелер!.. Мен бостандыққа шыққан соң, мені кем дегенде Google маркетинг жөніндегі вице-президенті болуға шақыру керек. Тіпті, тергеу изоляторының дәліздерінде кейде жолығып қалатын Жұмагелдиевтің қасындағылар тергеуді цирк деп атайды. Әрі ешқандай әзіл-қалжыңсыз, «Мұнда неліктен жүрсің?» деп сұрайды. Өйткені, біз бір-бірімізді бұрын-соңды мүлде көрмегенбіз.

– Жауап алулар қалай өтіп жатыр? Сізді азаптай ма? Қандай сұрақтар қойылады? Жұмагелдиевпен бетпе-бет кездестіңіз бе?

– Бастапқыда тергеудің қысымы, тіпті психологиялық айла-амалдары, жоқ кураторларыма қарсы куәлік берсем, үйқамаққа шығару туралы ұсыныстар болды. Сұрақтардың ойластырылып қойылғаны сонша, кез келген жауап сізді темір тордың арғы жағынан бір-ақ шығаратындай еді. Тергеуге шындық емес, бап бойынша жауапқа тартылатын адам керек. Ең бастысы, осы уақыт ішінде Арман Жұмагелдиевпен бірде-бір рет бетпе-бет кездескен емеспін, бірақ тергеушілер бізді сыбайлас деп отыр. Осылайша тергеу бірде-бір бетпе-бет кездесусіз аяқталды.

– Мәсімов мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген болжам бар. Оны қалай дайындады, нәтижесінде не алғысы келді? Біз оны біле алмайтын шығармыз, өйткені, «өте құпия» мөрі бар құжат аясында жұмыс істейді. Тым болмаса билік шоғырланған астана да тып-тыныш. Қалай ойлайсыз, Алматыда алаңда болғандар мемлекеттік төңкеріс жасау үшін митингке шықты ма?

– Бірде-бір алаңға шыққан азаматтың аузынан «Билікті төңкереміз!» деген бір ауыз сөз естіген жоқпын. Олар мемлекеттік төңкерісті емес, нақты және әлеуметтік теңдік реформасын, лайықты жалақы мен азық-түлік бағасын, қалыпты медициналық қызмет алу мүмкіндігін және халықтың қарыз жүктемесін шешуді сұрады.

– «Қазақстан» қонақүйінде не болды, неге ол кенеттен бас кеңсеге айналып кетті?

– «Сақиналар әміршісінен» «Мордорға» айналған «Қазақстан» қонақ үйіне қатысты бұл оқиғаның барлығы ізгі ниеттен басталды. Алдымен олар да жауызға айналдырмақ болған Азамат Оспанов пен оның інісі бар, «Колибри» сауда үйінің жанынан кездесіп қалдық, сосын бізге патриоттықтары басым, қаланың тыныштығына, тонауды тоқтатуға мүдделі басқа адамдар қосыла бастады.

Алдымен Фурмановтағы «Мон Ами», «Бочонок» және тағы бірнеше кафедегі ахуалды тыныштандырдық. Содан соң Абайдың бойымен Достыққа қарай жүрдік. Жолда дүкендерді тонап үлгерген ұрыларды көрдік, бірақ оларды ұстап үлгермедік, қашып кетті. Содан соң Республика сарайына жетіп, бірнеше минут тұрдық. Сосын біз өзімізді тонаушы деп қателесетін шығар деген оймен, «Қазақстан» қонақүйінің артындағы автотұраққа барып тоқтадық, сол жерде бұл сұмдықты қалай тоқтату керектігін талқыладық. Біреу Қырғызстандағы революция кезінде еріктілердің қалай әрекет еткенін есіне алып, сәйкестендіру белгілерін қоюды ұсынды. Алдымен олар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері киетін көкірекшелер туралы айтты, бірақ бұл ақылға қона қоймады, содан кейін білекті ақ бинтпен байлап алуды ойладық. Мен «Қазақстан» қонақүйінің қожайыны Мұрат Қасановті танитын болғандықтан, оған телефон соғып, бинт жасау үшін жайма сұрадым. Мұрат бірден көмектесетінін айтты да, қонақүйге қоңырау шалып, Ballroom залын ашып, бізге жаймаларды бере бастады.

Күзетшілерді күтіп тұрғанымызда маған бұрын таныс емес бір жігіт келіп, ұялы телефонын беріп: «Братан сенімен сөйлескісі келеді» деді. Мен одан: «Тағы қандай братан?» деп сұрадым. «Дикий Арман» деп жауап берді. Телефонды көтердім. Ол мені қарсы алған жігіттермен Ritz-Carlton қонақ үйіне келуімді ұсынды. Мен ешқайда бармайтынымды айттым, «Егер қаласаңыз, өзіңіз келіңіз» дедім. Ол көп ұзамай қонақүйге жетті. Мұрат Қасанов та бізбен бірге еді, ол адамдарына шәй мен қажеттінің бәрін беруді тапсырды. Содан кейін біз не істеуіміз керектігін және қалаға қалай көмектесу керектігін талқылай бастадық.

Тергеу қазір мені қылмыстық топты жинады деп айыптап отыр. Бұл жай ғана күлкілі, өйткені блогерлер, кәсіпкерлер, қоғам белсенділерінің қылмыстық элементтері болса, жарайды. Жұмагелдиевке біреулер келді, маған біреулер келді. Прокуратурадан, Ішкі істер министрлігінен, ҰҚК-ден адамдар болды дейді, мен оларды танымадым, сондықтан нақты айта алмаймын, бірақ басқалары болды дейді. Сонымен, «Қазақстан» қонақ үйі, дәлірек айтсақ, Ballroom, яғни мейрамхана, тергеушілердің пікірінше, бас кеңсеге айналды.

– Алаңда қызыл күртеше кигендер кімдер, қолдарына ақ таңғыштарды қандай принциппен тағып алған? Сіз осы қайғылы оқиғаларға дейін олардың біреуін білдіңіз бе?

– Ақ таңғышты Арман Жұмагелдиев емес, халықтың өзі таратты. Ал, «қызыл күртешелер» негізінен бос сөз және тергеушілердің бос қиялынан туған. Өйткені, президенттің орденімен марапатталған Дамир Аманжолов та, дәл осындай әрекеті үшін қамаққа алынған мен де қызыл күртеше кигенбіз.

– Сіз өз кінәңізді мойындадыңыз ба? Егер сіз өзіңізді кінәсіз деп есептесеңіз, сізге қатысты қылмыстық іс қозғалғанына кім мүдделі деп санайсыз?

– Мен мойындамадым және мойындамаймын, өйткені бәрі «ақ жіппен тігілген». Бұл менің сыбайлас жемқорлықпен, синтетикалық есірткіге қарсы, әсіресе, букмекерлік кеңселермен, онлайн казинолармен, лото клубтармен күресімнің нәтижесі екеніне сенімдімін. Желдің бәрі сол жақтан есіп тұр. Ал тергеу деп аталатын бұл цирктің бәрі саяси тапсырыс. Мен, тіпті нақты есімдерін атайын: Болат Назарбаевтың серіктесі Қанат Арбиев және Olympbet негізін қалаушылардың бірі әрі серіктесі Михаил мені түрмеге отырғызар алдында ортақ досым арқылы маған барлығын жабуға белсенділік танытпау үшін миллион доллар ұсынды. Олардың талабы – Қазақстан аумағындағы букмекерлік кеңселер мен құмар ойындардың барлық нүктелерін жапқызуға күш салмауым керек.

Алайда, мен Instagram желісіндегі парақшамда 34 000-нан астам адам қол қойған онлайн петицияны бастап кеттім. Қазір маған белгісіз техникалық себептермен қол қою мүмкін емес. Бірақ бұл букмекерлік кеңселерден, онлайн казинолардан, лото клубтардан адамдардың қиналып, шаршағаны шындық! Қанат Арбиев көптеген құқық қорғау органдарының өкілдерімен, әсіресе, прокуратура органдарымен тығыз достық және әріптестік қарым-қатынаста болды. Бұл туралы көптеген адамдар, тіпті Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері де біледі.

– Сізді күніне неше рет жауап алуға шақырады?

– Бұрын аптасына 2-3 рет шақыратын еді, қазір мүлдем тоқтап қалды. Қыркүйек, қазан, желтоқсан айларында – қаңтар оқиғасының бір жылдығы қарсаңында белсенділік байқалған.

– Сот алдында партиядан шығарылып, депутаттық мандатыңыздан айырылғаныңызды қалай түсіндіре аласыз? Бұл сізге соққы болып тимеді ме?

– Керісінше соққы емес, бірақ көңілсіздік болды. Осының бәрі партиялық бірлік пен бірегейлік идеологиясы – тіпті, ұят фарс. Мені депутаттық мандатымнан не үшін айырғанын білесіз бе? ҰҚК-де болған кезімде депутаттық қызметімнің нәтижесі төмендегені үшін. Мұндай бос сөз естимін деп мүлде ойламадым. Темір тордың арғы жағындағы адам нәтижені қалай көрсетуі керек?! Бұған дейін халықтың шешілген мәселелері рейтингінде бірінші орында болғанмын!

– Қаңтар айында билік көтерілісті басып тастады, сол биліктің жеңісі жолындағы әдістерін ақтайсыз ба?

– Бұл сұраққа жауап берсем, олар мені міндетті түрде түрмеге отырғызады.

– Қазір көптеген сарапшылар барлық тәртіпсіздіктердің артында кейбір ұйымдастырушылар тұрғанын айтады. Сіздің ойыңызша, қаңтарда халықты көшеге кімдер алып шықты?

– «Аса құпия» санаттағы материалдарға қандай да бір жолмен қол жеткізген «диван» сарапшылар мен жазармандарының адалдығы үшін гонорар алған актерлерден басқа ешкім емес. Ақиқатты білу үшін халық соттың ашық өтуін талап етуі керек! Құпия айдармен, қазір кез келген адам кез келген бизнесті іліп қоя алады, дәл менің басымнан өткендей. Халық шындықты білуі керек!

Қ.Құдайбергеннің адвокаты Бауыржан Бейбатыров, прокуратураның мәліметінше, іс сотқа өткізілмей жатқанын, себебі жәбірленушілер материалдармен танысуы керектігін, олардың аты-жөндері құпия болып табылатын 44 адам екенін түсіндірді. Қылмыстық істің 250 томын қанша оқитыны белгісіз.

Қайрат Құдайберген 2022 жылдың сәуір айынан бері қамауда отыр. Қызығы, осы уақыт ішінде ол мемлекеттің қанша ақшасын «жеп» қойды және оның ісін осылайша жайбарақат жүргізіп жатқан полиция мен тергеушілерге бюджеттен қанша төленді?

Ulysmedia.kz редакциясы Қайрат Құдайбергеннің анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Бибігүл Қабдолдинаға уақытша ұстау изоляторы камерасынан сұхбат ұйымдастыруға көмектескені үшін алғыс білдіреді.