Анасы мәжбүрлеген: Ақтөбе облысында кәмелетке толмаған қызбен кездескен шенеунік ұсталды
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынасқа түскен шенеуніктің ұсталғаны туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Былтыр Ақтөбе облысында педофилияға қатысы бар деген күдікпен шенеунік ұсталды. Ол 16 жасқа толмаған қызбен бірнеше рет жыныстық қатынасқа түскен. Ең сорақасы бұл әрекетке қызды анасы мәжбүрлеген», — делінген министрдің Қазақстан Республикасы судьяларының «Zanger» журналындағы мақаласында.
Материал Polisia.kz. сайтында да жарияланды.
Ішкі істер министрінің ақпаратына сүйенсек, күдікті қамауға алынды. Қызын жезөкшелікке тартқан анаға қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Министр соңғы бес айда кәмелетке толмағандарға қатысты мыңнан аса қылмыстың тіркелгенін айтты. Ол әрбір екінші қылмыс үйде жасалатынын атап өтті.
Кәмелетке толмағандардарға қатысты жыныстық зорлықтың 70 проценті де баланың сеніміне ие болған жақыны тарапынан жасалады. Олардың қатарында туған және өгей әкесі, туыстары, көршілері мен таныстары бар.