Анар Салқынбай

0

Stan.kz тілшісі тіл маманы, ф.ғ.д., профессор Анар Салқынбаймен кездесіп, латын әліпбиіне көшу, қазақ тілінің қазіргі мәселелері, трендтер туралы сұхбаттасты. Сөз арасында ең жиі жіберілетін қателіктер, «ҚызықTimes» пен «Ninety one» жігіттері ана тілімізге қалай залал тигізіп жатыр, кейбір ғалымсымақтар не себепті «хайп, ұятмен, хейтер, т.б.» деген сөздердің сөздігін жасау үшін шапқылап жүргені — біздің сұхбатымызда. 

Анар Салқынбай

Қазақ тіліндегі негізгі мәселе ретінде латын әліпбиіне көшу болып тұр. Қолдайсыз ба?

Әрине. Оны кез-келген өзін зиялы санайтын азамат қолдауы керек. Бұл тұңғыш президентімізбен ресми бекітілген заңдастырылған шешім. Көрші түркі елдері сияқты 15-20 жыл бұрын көшіп кеткен жоқпыз ғой. Қарақалпақтар, әзірбайжандар қалай көшті, солардың тәжірбиесін алуымыз керек. Латынға көшу бүгінгі таңдағы қажеттілік. Ең алдымен біз бүкіл түркі әлеміне жақындаймыз. Бізге белгілі Байтұрсынов секілді ұлт жанаршылары латын қарпіне қарсы болды. Бірақ ол заман басқа қазіргі заман басқа.

Қалайық-қаламайық, қазіргі заман цифрлық технологиялар заманы. Қазақ бір орында отырып қалмауы керек. Бір орында отырып, Моңғолия сияқты қалып қалу қазақтың қазіргі жағдайына сәйкес келмейді. Азия мен Еуропаның ортасында Ұлы жібек жолы көпір сияқты орнаған жоқ, бізден кесіп өткендіктен бүгінгі болып отырған жағдайға, мәдениетке, өркениетке үн қосып отыруымыз керек. Қазақтың ұлылығы сонда екі алып елдердің арасында отырып өзінің менін сақтап отыр. Латын қарпіне көшуге осындай сыртқы және ішкі қажеттіліктер бар деп ойлаймын. 

Латын әліпбиіне көшудің өзіндік кемшін тұстары бар. Қазірдің өзінде кейбір төл таңбаларымызды дұрыс жазбайтындар жетеді. Латынға көшкенде одан сайын сауатсызданып кетпейміз ба? 

Ол да мүмкін. Оны жоққа шығаруға болмады. Бұдан қорқу керек. Байқасаңыз қазір түрлі мекеме аттары әртүрлі жазылып жатыр. Осындай алалық бізде бар және ол заңды. Белгілі бір уақыт өткенде орнына келеді. Кез-келген нәрсенің өтпелі кезеңі болады ғой.  Бірақ біз бұл келеңсіздіктен тез шығып кете аламыз. Өйткені, қазіргі жас балалар оны тез-ақ миына қондыру керек. 

Негізгі мәселе емлеге байланысты. Кейбір ғалымдарымыз «баяндама» деген сөзді «байандама» немесе «су» деген сөзді «сұу» деп жазуды ұсынуда. Өйткені, қазіргі емле бойынша «у» дыбысы  мен «и» дыбысы  дауыссыз деп танылуда. Ал екі дауыссыз дыбыстан сөз құралмайды. Қазір біздің балалар қалай жазса, солай оқиды. Мысалы, дұрысы «өлөң сөздөң патшасы» деп оқылуы. Алайда қазір «Өлең сөздің патшасы» дейміз. Қалай жазсақ, солай оқып, қалай естісек, солай жазатын болдық. 

Бұл — осы уақыттың шындығы. Біз бұдан қашпауымыз керек. Біз орфографиялық нормаларды сақтаумыз керек деп жазылған күйінде оқи берсек, онда біз орфоэпиядан айырылып қаламыз. Ахмет Байтұрсынов осыны ескерткен. Ол қалай оқысақ солай жазайық дейді. Қазақ тілі — әріпке емес, дыбыстық жүйеге негізделген тіл. Қазіргі ғалымдар соны әріпке негіздегісі келеді. Қалай айтылады, солай жазылу керек. Сонда адамға екі есе жеңіл болады. Бұл туралы Елдес Омаров өзінің үш томдығында түсіндіреді. 

Тілдегі шешілмей жатқан түйіткілдерді санамалап атап өтіңізші

Тілден түйіткіл іздей бергеннен қорқамын. Тілдің тек жақсы жағын көп айтқым келіп тұрады. Түйіткілді көп айта берсек, жастарды шошытып аламыз ба деп ойлаймын. Бір жағынан кемшілікті көріп ата білген де дұрыс. Солардың бір қатары мыналар: біздің кейбір «ғалымдарымыз» қазақ жастарының аузында жүрген әртүрлі ағылшын тілінен енген жаргондар мен сленгтерді әдеби тілге енгізгісі келеді. Ескеретін нәрсе: шетелдік сөздер бар, сондай-ақ, шетелдік терминдер бар. Терминдер туралы сөздікке ешкім қарсы емес. Ал, олар өздеріңізге жақсы таныс «хайп, ұятмен, хейтер, т.б.» деген сөздердің сөздігін жасайық деп жүгіріп жүр. Ол уақытша студенттердің аузында жүрген сленг, жаргондар ғана. Оған сөздік жасап, ақша құртудың қажеті не? Бізде басқа да шешімін таппай отырған мәселелер жетеді ғой. Қазіргі жастардың аузында жүрген жаргондар мен сленгтерді әдеби тілге енгізуге ұмтылудың қажеті жоқ. Екінші, сөздердің түркі тілдеріндегі қолданылып жүрген нұсқаларын алып, қазақ тіліне енгізу керек. 

Қазіргі таңда қазақ тілін ағылшын тілінің баламаларымен алмастырып қолданып жүр. Мысалы, уайым- why M, талқылайық-talklike, ол айниды- All I need т.б. кете береді. Осы қаншалықты дұрыс?

Бұл пиджинизация. Тілдің бұзылуы. Ерекшелену үшін бір сөзді қазақша, бір сөзді ағылшынша біріктіреді. Мысалы, айналайын деген сөзді «айнonline», қызықтаймыз дегенді «ҚызықTimes» деп орын ауыстыру. Ол жігіттер өзінің не істеп отырғанын білмейді. Олар осы арқылы қазақ тілін өте жоғары дәрежеде төмендетіп жатыр. «Ninety one» жігіттері мен телеарна жігіттері пиджинизацияға қалай үлес қосып жатқанын білмей жатыр. Біз үшін бұл қатер. Алдын алу керек. 

Қазақ тілді адамдардың өз ана тілінде ең көп жіберетін қателіктері қайсы?

Қазіргі таңда қазақ тілінде еркін сөйлейтін азаматтарадың «ң» дыбысын дұрыс айта алмауы. Тілімізде тіл үндестігі және дыбыс үндестігі деген бар. Жалғаудың сөзге жуан немесе жіңішке болып жалғануы,  сөздің басы еріндік болса, барлығы еріндік болып кетуін ескермей сөйлеу біздегі ең негізгі мәселе. Еріндік үндестік біздің тілімізден бірте-бірте қалып бара жатыр.

Ең болмаса «үйіңе барасын ба?» дегенді «үйүңе барасын ба? деп айту керек. 

Қатаң дыбыстардан кейін ұяң келген кезде олардың арасында бір-біріне үндесіп айтылуы; үнді дыбыстардан кейінгі үнді дыбыстардың, ұяң дыбыстардан кейін ұяң дыбыстардың келуі, кезіндегі үндесулер біздің тілімізден кетіп бара жатыр. Амангелді болса Аманкелді деп айтамыз. Ақнұр деген есім айтылғанда Ағнұр болуы керек дұрысы. 

Енді қазақ тілді адамдар үшін дұрысы қайсы екенін ажырата алмай жататын, не үшін солай болу керектігін білмей жататын сөздер бар. Солардың бір қатарын айтатын болсақ, «Нұр-Сұлтан» неге дефис арқылы жазылады? 

Бұл адам аты мен қала атын ажырату мақсатында қажеттіліктен туындаған дүние.

«Елбасын» бас әріппен жазу керек па?

Бұдан кейінгі президенттерге елбасы деген атау бермейтінін ескерсе, онда ол бас әріппен жазылады. Өйткені, жеке бір адамға ғана тиесілі. 

«Рахмет» па, әлде «рақмет» па?

Қазіргі дыбыстардың тіркесімділігіне келген кезде «қ» дыбысы мен «м» дыбысы тіркесе алмайды. Сондықтан, ол «рақымет» болуы керек немесе «рахмет» болуы керек. Рахмет деп қолдана беру қате болмайды. Байтұрсынов өз атын Ақымет деп, кейде Ахмет деп жазған. 

«Мұны» ма, әлде «бұны» ма?

Бұл екеуі бір-біріне дублет сөздер. Әдеби тілде қалыптасқан негізгі нұсқасы-мұны. 

«Соң» шылауынан соң үтір қойыла ма?

Бүгінгі таңдағы ереже бойынша үтір қойлады. Мен келген соң, ол шығып кетті. 

Сауатсыз журналистер мен газеттер көбейген. Себебі неде?

Қазақ баспасөзін оқып отыратын қазақтың бірімін. Әсіресе, Фейсбук беттеріндегі ақпарттарды қараймын. Айтарым, әлеуметтік желілер де сауатты бола бастаған. Ірі-ірі республикалық басылымдар туралы сөз бөлек. Олардың тілінде қате дүниені табудың өзі құмнан ине іздегенмен бірдей. Қазіргі баспасөз осыдан 7-8 жыл бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда сауатты жазады. Аға газеттер: «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттері ХХІ ғасырдағы қазақ публицистикалық стилін дамытып отыр.

Бұл дегеніміз қазақтың әдеби тілі баяғы қалпын жоғалтқан жоқ. Сондықтан тіл бүлініп бара жатыр, қателікке ұрынып жатыр деп байбалам салудың қажеті жоқ. «Бар десең бар болады, жоқ десең жоқ болады» дегендей жастардың құлағына қазақ тілінде әдеби тіл кеміп, олқылықтар мен кемшіліктерге толы, оның  мәселелері көп деп әртүрлі айт беттеріне жаза беретін болсақ, онда олардың тілге деген құштарлығы кемиді. Өскелең ұрпақтың санасында тілге деген күмән пайда болады. Ақпараттық агенттіктер тілдің кемшілігін термей, қазақ әдеби тілінің барын бар деп  айтуға көшу керек деп ойлаймын.  

Анар ханым, сұхбатыңыз үшін рахмет, жұмысыңызға табыс тілейміз!

stan.kz