Сот Отарда кәсіпкерге шабуылдаған төрт адамға түрме жазасын кесті

0
92

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 16 мамырда шығарған үкімі бойынша, Жамбыл облысында кәсіпкерге шабуыл жасау ісі бойынша айыпталған төрт адамның әрқайсысы жеті жыл бір ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы 23 мамырда Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.

Сот оларды адам ұрлау, тонау және заңсыз қару сақтау қылмыстарына айыпты деп таныған. Үкімге сәйкес, төртеуі де жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2018 жылғы қазанда полициямен бірлесіп жүргізген арнайы шара барысында «негізінен күш құрылымдарының бұрынғы қызметкерлерінен құралған» қылмыстық топты ұстағаны туралы хабарлаған. Олар Жамбыл облысындағы Отар станциясында тұратын кәсіпкерге шабуыл жасаған деген күдікпен ұсталған. ҰҚК ақпаратында қылмыстық топ заңсыз жолмен иемденіп кеткен 170 мың доллардан астам қаржы жәбірленуші кәсіпкерге қайтарылды деп хабарланған.

Сот материалына сәйкес, осы іс бойынша жауапқа тартылған К.Әлиев, А.Дартаев, Д.Терешин және Е.Жұмабаев өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарған.

Azattyq