«Ана тіліміз эволюциядан өтуі қажет»: Бір топ жас қазақ тілін сленг пен «англицизммен» байытпақ – Қазақстан жаңалықтары

0
83

Тіл маманы болмаса да, оған бейжай қарамаған бір топ қазақстандық ана тілімізге сленг енгізу арқылы оны жаңа дәрежеге көтеруді жоспарлап отыр. «Жаңа сөздік» командасының мүшелері Тина Байнақова мен Мақсат Мәлік Stan.kz тілшісіне қазақ тіліне жаңа сөздерді енгізудің қажеттілігін, жобаның басты мақсатын және сөздердің қалай пайда болатынын айтып берді.

Суретте солдан оңға қарай: Хангелді Илебаев, Ринат Темірболатұлы, Тина Байнақова, Батырбек Әлімжан, Жалғас Ертай

Қазақ тілінің әдемі әрі терең мағыналы сөздерге бай екеніне ешкім күмән келтірмейді. Алайда, қазіргі қоғамдағы кейбір құбылыстарды сипаттауға келгенде сөздік қорымыз, тіл байлығымыз жетпей қалатыны рас. Тина Байнақованың айтуынша, осыдан екі жыл бұрын пайда болған “Жаңа сөздіктің” басты мақсатының бірі — осы олқылықты жойып, тілді көркейтіп, дамыта түсу.

“Кез-келген шет тілінде сөйлесеңіз, сөздік қорына қарап, қызығасыз, сол тілде адамдардың бір-бірімен әдемі cөйлесетінін байқайсыз. Еуропалықтардың қазіргі заманға сай жаңа сленгтері, терминдері бар. Біздің тілімізде де осындай «англицизм» болсын деген идея туды. Ағылшын тілінен және басқа да шет тілдерінен енген терминдерді қазақшаға аудару туралы ойлана бастадым. Сол кезде командада Жалғас қана болатын. Онымен кездесіп, ойымды бөлістім. Жалғас Facebook желісіндегі парақшама осы тақырыпты көтеріп, ойымдағыны жүзеге асыруға кеңес берді. “Неге жүзеге асырмасқа? Неге жазбасқа?” деумен жаңа сөздерді ойлап тауып, желідегі әр жазбамды жаңа сөздікке арнадым», – дейді жоба авторы.

Кейін оқырмандар сөздерге жеке парақша ашуды, оларды карточкаға жазып шығаруды ұсынған. Бірте-бірте осы істі дамытуға көмектесемін деген адамдар пайда болып, командаға қосылды. Қазір командада алты адам жұмыс істейді.

«Алғашқы кезде бұл жоба қазақ тіліндегі жетіспей жүрген терминдердің орнын басады деп ойладым. Командаға қосылған жаңа адамдар ортаға өздерінің ойларын салғанда, жаңа сөздіктің мақсаты кішкене өзгерді”,  — дейді Байнақова.

Жоба авторлары жаңа сөздердің көмегімен қазақ тіліне қатысты барлық саланы қамтығысы келетінін айтып, ағынан жарылды.

«Алдағы уақытта көпшілік назарына екі сөздікті ұсынуды жоспарлап отырмыз. Біреуі – өзіміз шығарған «Жаңа сөздік», екіншісі – «Қартопты жару» сынды сөздер мен тіркестерден құралған диалектер сөздігі болады. Егер барлығы ойдағыдай болып жатса, лингвистика, этимология сияқты үшінші бағыт қосылады. Шамамен екі-үш айдың ішінде «Жаңа сөздіктің» сайты ашылады. Жаңа сөздердің 60-70 пайызын халық, қалғанын өзіміз шығарамыз”, — деді команда мүшесі Мақсат Мәлік. Жаңа сөздер бірінші сайтқа, кейіннен кітап ретінде басылып шығатынын айтады.

Сонымен қатар, ол “Байбекю”, “Қатардағы Қатира”, “Жаскриминация” сынды сөздердің қалай пайда болатынына тоқталды.

“Бауыржан Байбек Алматыда кез-келген жерде 500 теңгеге тамақ ішуге болатынын айтқанда “Байбекю” деген сөз туды. Бұл сөзге қандай анықтама беретінімізді біраз ойландық, ортаға бірнеше ой тасталды. Бірақ 500 теңгелік ас деген анықтама тура келгендіктен, осы нұсқаны қалдырдық. Дискриминация сөзінің мағынасы көпшілікке белгілі. Осы сөзден адамдардың жас ерекшелігіне қарай бір-бірін ақылды, ақымақ деп бөлуіне қарай жаскриминация деген сөз пайда болды», – деп жауап берді кейіпкеріміз.

“Жаңа сөздіктің” командасы тілге креатив енгізуге ұмтылады. Олардың пікірінше, жаңа сөздер қазақ тілінде толығымен қолданысқа енуі үшін біріншіден уақыт, екіншіден буын алмасуы керек. Отандастарымыздың арасында сөздікті күнделікті пайдаланатындар да, керісінше қазақ тілін мазақтап жатсыңдар деп сынайтындар да бар.

“Ойлап тапқан сөзіміз саясат пен қоғамдық нормаларға қарсы келсе, міндетті түрде үш-төрт адам келіп жазбаның астына «Өздерің кімсіндер?», «Қазақ тілін мазақтап жүрсіңдер, ондай сөз жоқ қой» деп пікірлерін қалдырып кетеді. Түсіністікпен қараймыз”, — дейді Тина Байнақова.

“Қазақ тілі дамымай, бір орында тұрып қалса, қазіргі қоғамдағы жағдай да түзелмейді. Біздің мақсатымыз тілді түзеу емес, оған жаңа креатив беру. Қазақ тілінің потенциалы, әлеуеті өте мықты. Тілді сақтап қаламын деген адам оны қозғалтып, түртуі керек. Ана тіліміз эволюциясынан өтуі қажет. Жүз жылдық әдебиеті бар тілді күштеп, керемет деңгейге көтеріп тастау қиын. Адамдардың біздің сөздерімізге қарсылық танытып, наразылық білдіруі  — қалыпты құбылыс. Алдыңғы ұрпақ ауысады, жаңа ұрпақ келеді. Ол ұрпақ бұдан да креативті, жасампаз болады», – деген сенімде Мақсат Мәлік.

stan.kz