Ана мен бала орталығында гангренамен жатқан 11 айлық қыз көз жұмды

0

11 айлық қыздың өліміне байланысты тергеу басталды

АСТАНА, 31 қаңтар — Sputnik. Ана мен бала ұлттық орталығында пневмония дертін емдеу кезінде аяғы гангренаға ұшыраған 11 айлық қыз Айзия Әнуар көз жұмды. Бұл туралы Астананың қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысы Сәдуақас Байғабылов хабарлайды.

2018 жылы желтоқсанның аяғында бөбектің жүрегіне жоспарлы ота жасату үшін анасы Тараздан Ұлттық кардиохирургиялық ауруханаға алып келген. Алайда ота алдында баланың пневмонияға шалдыққаны белгілі болып, №1 қалалық ауруханаға емделуге жіберіледі. Катетер қойғаннан кейін баланың аяғының қан айналымы дұрыс болмай, гангренаға айналады да, қызды екінші балалар ауруханасына жібереді, сол жерден – Ана мен бала ұлттық орталығының жансақтау бөліміне.

Астананың қоғамдық денсаулық сақтау департаменті хабарлағандай, 16 қаңтарда сәби ана мен бала ұлттық орталығында көз жұмды. Қазір аталған дерек бойынша тергеу жүріп жатыр.

«Қазір қыз емделген №1, №2 балалар қалалық ауруханаларында, Ана мен бала орталығында тексеру жүріп жатыр. Сараптамаға бір ай кетеді. Сараптама нәтижесі бойынша медициналық қызметкерлердің жұмысына баға береміз, оның ішінде емдеу хаттамасына сәйкес білікті көмек көрсетілді ме тексереміз. Әрі қарай сараптама қорытындысына сәйкес дисциплиналық, әкімшілік шаралар қолданылады. Қылмыс құрамы бар-жоғын анықтап, құқықтық баға беру үшін материалдарды құқық қорғау органдарына жібереміз», — деп хабарлады Астананың қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов.

Естеріңізге сала кетсек, бұдан бұрын департамент сәбидің аяғы құрғақ гангренаға айналуына қатысты тексеруді бастаған болатын. Қыздың анасы болған жайтқа дәрігерлерді кінәлап отыр.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/