Әміржан Қосанов: Макс Боқаевты тағы да қауіп-қатерге бас тіктіріп қойғанымыз қалай?

0

Қазақстандық саясаткер, қоғам қайраткері Әміржан Қосанов күні кеше түрмеден шыға сала апта сайын митингі өткізуге шақырған Макс Боқаевқа алаңдаушылық білдірді. Бұған себеп те жоқ емес. Бостандыққа шығар алдында билік Макс Боқаевқа үш жылға әкімшілік қадағалау тағайындаған.

«Менің мына сөзім билікті бір күнде төңкеріп тастағысы келетін суперрадикал адамдарға ұнамауы мүмкін. Өзімнің тыныштығым үшін үндемей қалуым да мүмкін еді. Бірақ, «айтылмаған сөз жетім», осыдан кейін біршама сын еститінімді білсем де, айтайын.

Макс Боқаев бостандыққа шықты. Бүкіл ел үшін қуанышты оқиға. Макс шын мәнінде өзінің азаматтығын, қайтпас күрескерлігін, батырлығын танытты.
Бірақ, мені мына бір нәрсе мазалайды.

Ол бостандыққа шығар алдында билік үш жылға әкімшілік қадағалау тағайындап қойды. Ол дегеніңіз белгілі бір дәрежеде оның бостандықтарын шектеу деген сөз.
Түрмеден шыға сала, Макс өзінің апта сайын алаңға митингілерге шығатынын мәлімдеп жатыр.

Әрине, ол оның жеке азаматтық қалауы. Бірақ, кеше ғана түрмеден шыққан азаматты тағы да қауіп-қатерге бас тіктіріп қойғанымыз қалай? Биліктің құйтырқыларын көріп жүрміз ғой. Әкімшілік қадағалау шарасы басқа шараға ұласып кетпеуіне кім кепіл? Бәлкім, Макс отбасымен қауышып, есін жиып, денсаулығын түзеп, содан кейін нақты жоспарларын жүзеге асырса қалай болады?

Оның үстіне апта сайын алаңға шығу үрдісінің де екі жағы бар.

Бірі – ол жекелеген немесе азғантай топтың бастамасы болып, азаматтық қоғамның акциясы болады. Олар билік үшін қауіпті емес. Керісінше, өз имиджі үшін ондай кішігірім акцияларды «бізде де демократия бар» деп, пайдалануы да мүмкін.
Екіншісі – елдегі барлық наразы күштер жиналып, бірегей күш болып, билік сескенетіндей құбылыс болып, билік үшін таласатын таза саяси күрес әдісі болады. Ол дегеніңіз бірлікті, ұйымшылдықты, қаржыны қажет етеді.

Екіншісіне бір-біріне кінә таққыш біздің билікке қарсы орта дайын ба?
Максқа бар жақсылықты тілеймін! Күресін жалғастырсын! Бірақ мен айтқан факторларды да ескерсе деген өтінішім бар.

P/S. Осыншама жыл оппозицияда жүріп, өзіміз де қылмыстық іс бойынша сотталдық, абақтыға жабылдық. Түрмеге отырып шыққан әріптестерді басқа демократтар басында улап-шулап, қарыс алып, уралатып, кейін көре алмай, сөз жүзінде қолдап, іс жүзінде қалыс қалып, тіпті қарсы жұмыс істегенін көрдік.

Макс бауырым да осының бәрін ескерсе.

Мынау болса, осыдан 5 жыл бұрынғы, Макс пен Талғат бауырларымыз сотталып жатқанда жазған өлеңім мен плакатым:

МАКС пен ТАЛҒАТҚА!

Жерді біреу сатып әрі жалға апты,
Жердің ең бір шұрайлысын таңдапты!
Жермен жексен болған намыс оянып,
«Жерім қайда?!» деп ауылым зарлапты!
Қазақ бүгін жаңаша жол таңдапты –
Митингіге шығып шерін тарқатты!
Сілкіндіріп дүние мен сананы
Өзінің бар екендігін аңдатты!
Біле білсең, ел талабы бар қатты:
«Сатылмайды жерім таулы, алқапты!».
Бұл ұранды Атырау мен Алтайым,
Арқа менен Алатауым қолдапты!
Батырларын уақыт өзі таңдапты,
Олар баба дәстүрлерін жалғапты!
Олай болса, елдің басын қатырмай
Босатыңдар Макс пенен Талғатты!» — деп жазды Әміржан Қосанов өзінің facebook парақшасында.