Құны 400 млрд теңгенің кәсіпорыны 18 миллиардқа сатылуы мүмкін

0
929
Сурет: https://www.kazatomprom.kz/

«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы өзінің еншілес 3 кәсіпорнын 100% үлесімен аукционға шығарды. Электронды саудадағы мәліметке сәйкес, кәсіпорындардың бірі «Astana Solar»-дың бастапқы бағасы 3 млрд теңгеден асады. Жалпы бұған дейін компания 3 серіктестікті бастапқы бағасы 18 млрд теңгеге бірнеше рет сатпақ болған. Бір қызығы құрылысының өзіне 400 млрд теңге жұмсалған кәсіпорынды 18 млрд теңгеге сату ақылға сыймай отыр.

2012 жылы Астанада экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысуымен «Astana Solar» ЖШС фотоэлектр модульдерін өндіретін зауыт іске қосылды. «Astana Solar» ЖШС бөлек аталған кәсіпорын Алматы облысы Сарыкөл ауданы мен ШҚО қарасты Өскемен қаласында ашылған болатын. Енді міне Елбасының өзі тұсаукесеріне қатысып, жарнамасы жер жарған кәсіпорын аукцион арқылы 12 ақпанда сатылайын деп жатыр.
Белгілі экномист Жангелді Шымшықовтың айтуынша, бұл аукцион ұлттың байлығын тонаудың кезекті бір жолы. Сондай-ақ ол «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті еске алды.

«Бұл жерде астыртып келісім болуы мүмкін. Мәселен 18 млрд теңгеге 3 кәсіпорынды сатып алған адам оны келесі адамның қолына ұстатады немесе арзанға сатып алып қымбатқа сатады. Бір сөзбен айтқанда бұл барып тұрған коррупция ғой. Кезінде керемет менеджер Мұхтар Жәкішев экономикалық тұрғыдан тұралап қалған «Қазатомөнеркәсіп» компаниясын әлемдік деңгейдегі компанияға айналдырды. Жұмысы тұралаған кәсіпорынды ол шикізат шығарушыдан таблетка өндіретін ірі компанияға жеткізді.

Аталған таблетканы сатып алуға көп елдер ниет білдірген болатын. Солардың ішінде Жапония сияқты мемлекеттер де болды. Міне сол кезде Ресей қызғанып әрі қызығып «Бірігіп, бірлескен кәсіпорын ашайық. 51 пайызы біздікі, ал қалған 49 пайызы сендердікі болады» деп айтты. Бұған Мұхтар Жәкішев «Жоқ» деп өз қарсылығын білдірді. Содан кейін ол 11 жылға түрмеге қамалып, былтыр ғана бостандыққа шықты. Жалпы Мұхтар Жәкішевтің түрмеге түсуі 1937 жылдағы қуғын-сүргінді еске түсіреді», – дейді экономисит.

Жангелді Шымшықов Ресей Қазақстанның бәсекеге қабілетті кәсіпорнын құрту үшін Татьяна Квятковскаяға тапсырма бергенін айтады. Татьяна Квятковская Мұхтар Жәкішевке қарсы ақылға симайтын небір жалалар жауып, оны 11 жылға түрмеге қамауға ықпал еткен.

Жалпы жоғарыда бұған дейін 3 кәсіпорынның бастапқы бағасы 18 млрд теңгеге бағаланғанын айттық. Бәлкім аукцион барысында аталған қаржының көлемі артатын шығар?

«Егер ауционға сатып алушылар көп қатысса, онда баға жоғарылауы мүмкін. Алайда әу баста айтқанымдай бұл бізді тонаудың тағы бір айласы. Кәсіпорынды арзан сатып алып, артынан астыртын қымбатқа сатуы мүмкін. Айналып келгенде барлық іс-әрекет «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясын құртуға бағытталған. Неге бұлай жасап жатқаны мен үшін түсініксіз. Біздің бірінші кереметіміз қара алтын яғни мұнай болса, одан да жоғары деңгейдегі байлығымыз уран болатын. Мұхтар Жәкішев бастаған жолды жалғастырып, уранды шикізат күйінде емес табелетка ретінде сатсақ экономикалық тұрғыдан пайда табар едік. Сондай-ақ осының арқасында мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар. Алайда билік бәрін керісінше істеп отыр», – дейді ол.

Мұхтар Жәкішев түрмеден шыққаннан кейін өзіне «Қазатомөнеркәсіп»-ті бонкротқа ұшырату туралы тапсырма берілгенін айтқан болатын. Алайда ол компанияны құрдымға кетірмей, керісінше әлемдік деңгейге шығарғанын мәлімдеген. Демек құрылысының өзіне 400 млрд теңге жұмсалған кәсіпорынның 18 млрд сатылуының астарында үлкен мәселе бар.

KzNews.kz