Әмина Жапар «Бала дауысы» ұлттық байқауында бірінші орын алды
Іріктеу кезеңіне Қазақстанның барлық өңірлерінен 4 мыңға жуық балапан әншілер жиналып, 19-ы ғана ақтық сынға өтті. Майра Мұхамедқызы, Жеңіс Сейдоллаұлы, Жанар Дұғалова сынды танымал өнерпаздар қазылық еткен додада Әмина күшті даусымен, диапазонының кеңдігімен таңдандырды.
Шынашақтай қыздың жұлдыздай жарқыраған сәттері аз емес. Ерекше есте қалғаны–«Аялаған Астана-2017» байқауы. Онда В.Цойдың «Кукушка» әнін нақышына келтіре орындағанда, залдағы көрермен қауым орындарынан тік тұрып қол соғыпты. Қазылар 50 ұпайдан 49 ұпай берген. Он жастағы оқушының ешкімге ұқсамайтын тұнық даусы керемет тәнті еткен. Сонда оның «мен өзімнің көпбалалы отбасынан шыққанымды мақтан етемін. Ең алдымен ата-анама қарыздармын. Үш сіңлім – жақын құрбыларым. Байқаудағы өнерімді сіңлім Леминаға арнаймын. Оны емдеткім келеді» деген сөздерін естіген жұртшылықтың көңілі босап, арманының орындалуына тілектестік білдірген. Осылайша Гран-приді қанжығаға байлаған жерлесіміз «Детская волна» байқауына жол тартты. Мұнда да кәсіби әншілерше сахнада өзін еркін ұстады. Қазақстанның намысын абыроймен қорғады.«Көрермендер көзайымы» аталымы бойынша арнайы сыйлықты атақты әнші Лев Лещенконың өзі тапсырды.
Өнерлі әулет ортасында тәрбие алған ол жастайынан әнге ғашық болып өсті. Талант қырының бүр жаруына зор ықпал жасаған ата-анасына, ұстаздарына алғысы шексіз. Қазір оны ән әлеміне ресейлік танымал продюсер Лина Арифуллина баулып жүр. Ендігі мақсаты – ресейлік көрермендерін тағы бір тәнті ету.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/